Ескерткіштің түрі: Киелі объекті
Ескерткіштің мерзімі: 2015 жыл.
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылынан 10 км батыста.
Зерттелуі: Былшық би туралы жазба дерек жоқ. Тек қана халық аузындағы белгілі сөздерін жинап, оның ұлағатты ғұмырын кейінгі ұрпаққа қалдыруға болады.
Қысқаша анықтамасы: Кесененің биіктігі 9 метр. Жоғары бөлігі күмбезделіп жасалған. Төрінде бидің мүсіні орналасқан. Кесененің айналасы биіктігі бір метр болатын қоршаумен қоршалған. Қоршаудың ені 15 метр, ұзындығы 25 метрді құрайды.
Аңыз-әңгіме: Былшық бидің азан шақырып қойған есімі — Құтаяқ. Былшық би қазақтың шежіресін, дала билігінің ұлы дәстүрін жетік білген кісі. Дәсүрлі жәрмеңкелер мен айтулы алқалы жиындар Былшық бисіз тарамаған, дауы шешілмеген. Соңғы өткен Байғабылдың, Орманның ұлан асыр асында Былшық би төрелік жасаған. Сол кездегі Орынбордың генерал губернаторы Лев Балюзек 1886 жылы 28 жастағы Былшық биге «Известный народный Мудрец»-деген баға берген.
Былшық би 1859 жылы қазіргі Әйтекеби ауданындағы Ақсуат елді-мекенінде дүниеге келген. Атасы Әбдібай дәулетті кісі болыпты. Әкесі Сейіт кезінде Есет (Көтібарұлы) батырмен үзеңгілес дос болған.
Қазақ тұрмысында жиі кездесетін бес дауды: жер, жесір, құн, мал және ар дауын шешкенде, қара қылды қақ жарғандай тура төрелік жасап, әділдігімен халықтың аузына іліккен айтулы билердің бірі.
Былшық Сейітұлы – әйгілі би, әруақты шешен, арқалы әулие, заманында атағы айналаға кеңінен танылып, әділ билігімен дау түйінін шешкен, сөзі талайға тоқтам салған асыл тұлға.
Қалың елге шын мәнінде пана бола білген, қиын кезеңдерде әлсізді демеп, жылаулының жасын сүрткен, әділдік пен парасат жолынан таймаған дегдар тұлға 1928 жылы халық жауы ретінде ұсталып, 1933 жылы Ақтөбе түрмесінде қайтыс болады.
Ол – ұрпаққа, күллі қазақ ұлтына ар-намыстың, адамгершіліктің, парасаттылық пен ізгіліктің озық үлгісі ретінде қазақ халқының санасында мәңгі жасайтындардың бірі.