Ескерткіштің атауы: Қызылтам кесенесі.
Ескерткіштің түрі: Киелі объект.
Ескерткіштің мерзімі: XVII ғ.
Ескерткіштің орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы, Ақтөбе қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 56 км. Қарғалы су қоймасының солтүстік — батыс жағасында орналасқан.
Тарихи мәлімет: XX ғ. басындағы И.А.Кастаньенің берілімдері бойынша кесене аркалық негіздегі (тромп) екі күмбезді болған. Сонымен қатар 1984 жылы ҚазССР-і тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының Ақтөбе экспедициясы зерттеген (жетекшісі – Әжіғалиев С.И.).Қызылтам кесенесі солтүстік Арал-Каспий аймағында орналасқан күйдірілген кірпіштен тұрғызылған кейінгі орта ғасыр дәуіріне жататын сирек кездесетін мавзолей болып табылады.Я.Я.Полферовтың жазып алған аңызы бойынша Қызылтам кесенесінің пайда болуы XVII ғасырдың басындағы Хиуа ханы Араб-Мұхамедтің қалмақтың Бадмай атты қолбасшысының қызына сәтсіз құда түсуі тарихымен байланысты:«Қалмақ қолбасшысы Бадмайға бұрынғы жауы Араб-Мұхаммедтің елшілері келіп, сый-сияпат және ханның сәлемін қабыл алуды сұрайды. Арғымақтар мінген, бағалы киімдер киген елшілер қымбат кілемдер мен өзге де бұйымдар артылған он ақ түйе ертіп келеді. Сый-сияпат тарту етіліп, ойын-сауық ұйымдастырылып болғаннан кейін, елшілер өз хандарының Бадмайдың қызы Уйляға құда түсіп келіп отырғандығын жеткізеді.Алайда қалмақтың қызы Уйляның өзінің сүйгені болатын. Құда түсіп келген қонақтар мен ауыл түгел ұйқыға кеткен кезде Уйля өзінің сүйгені Зайсамен бір төбенің басында кездесуге келіп, өзінің Хиуа хандығына ұзатылатындығын жеткізеді. Зайса бұған жол бермей, қызды алып қашатындығын айтып жатқан кезде, жоқ жерден Бадмай пайда болып, екеуінің арасында айқас орын алады. Уйля есін жиып, екі ердің арасына араша түседі. Бірақ, осы кезде кеудесіне қанжар сұғылған қалмақ жігіті төбеден өзенге қарай домалап түседі. Сүйгенінен айрылған Уйля, әкесінің әміріне көнуден бас тартып, жігіттің соңынан жардан суға секіріп кетеді.Бадмай, Уйля мен Зайсаның денелерін судан алып шыққанға дейін, екі күн бойы, қолында қанға боялған қанжарды ұстап, бір орында қозғалмастан тұрады. Осылайша, қос ғашық жерленген жерде кесене тұрғызылады. Күйдірілген кірпіштен салынған ғимарат, алыстан қанық қызыл түсті болып көрінгендіктен, Қызылтам деген атауға ие болған».
Ескерткіштің сипаттамасы: Қызылтам мавзолейі – төртбұрышты (6,05×6,05 м), пішіні Кесенеге сәйкес. ХХғ.басында И.А.Кастаньенің жазбалары бойынша мавзолей қоскүмбезді болған. Сыртқы күмбез шатырлы болған. Ескерткіш күйдірілген қызыл кірпіштен (24x24x5,5-6) см салынған (Абат-Байтақ мавзолейі тәрізді). Қазіргі кезде төртбұрыштыңқұрылыстың солтүстік-солтүстік-батыс бөлігі және құлаған қабырғаның бөлшектері ғана сақталған. Сақталған биіктігі –3,75м.