Ескерткіштің атауы: Көк мешіт
Ескерткіштің түрі: киелі объекті
Ескерткіштің мерзімі: XІХ ғасыр
Ескерткіштің орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Құмсай ауылынан 13,5 км солтүстік-солтүстік шығыста, бұрынғы Ор ауылы аумағында.
Тарихи мәлімет: Жалпы бұл мешіт басқа жерден салу жоспарланған, жерді таңдап жүргенде татар шебері осы жерге келіп сөйлесе дауысының жаңғырығы жақсы естілетінін көріп, сол қасиетті еске алып, осы жерден мешіт салған. Жергілікті тұрғындардың мәліметінше кешен 1902-1905 жылдары тама руынан жиналған қаржыға тұрғызылған, сондықтан да мешіт «Таманың көк мешіті» деп аталады.
Елек, Ор, Жем өзенінің бойындағы жалғыз мешіт болған. Ембі, Ащысай ауыл тұрғындарының барлығы Көк мешітке жұма намазына барып намаздарын оқыған. Кеңес үкіметінің кезінде мешіт айшығы мен күмбезін сол жердің басқарушысы болған Беляков және Боранбай деген кісілер трактормен тартып құлатқан. Бірақ бір жылға жетпей екеуі де бүкіл отбасымен қырылып қалған. Олардан тұқым жоқ.
Мешіттің ашылу салтанатында Таманың Көкісі Қосуақ деген ақсақал ұзақ уақыт, шамамен бір жарым сағат бойы бата берген. Бұхарадан діни білім алып келген Тобажан деген кісі мешітке алғаш рет имамдық еткен. Оны халық Сары ишан деп атап кеткен. Тобажан ишанның дауысы да керемет, зор болған. Ол ертеңгі таң намазына азан шақырған кезде дауысы 15-20 шақырым жерге дейін естілетін болған.
Ескерткіштің сипаттамасы: ескерткіш мешіттен, медреседен, тұрғын және имам мен ғибадат үйінен тұратын кешен болып табылады. Ор өзенінің сол жағалауында тегіс жерде орналасқан. Ескерткіштің аумағында кеңес уақытында малшаруашылығы үшін тұрғызылыған құрылыстардың қазіргі таңда қалдықтары ғана сақталған.
Мешіт тік төртбұрышты солтүстіктен оңтүстікке қарай созыла орналасқан бір қабатты ғимарат болып табылады. Ғимараттың қабырғасы өңделген қара тастардан саз балшықпен қаланып, іргетасы отырған. Ғимараттың үстіңгі жабыны ағаш бөренелер арқылы, ал шатыры жалпақ қаңылтыр металмен жабылған.
Жалпы медресе төрт есік және жеті терезе ойықтарынан (шығыс жағындағы бір терезе есікке айналған) тұрады.