Асан-Қожа қорымы

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: XVII-XX ғғ.

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Оймауыт ауылынан 43 км оңтүстік-батыста

Зерттелуі: Қорымды зерттеуші еңбектеріне М.М.Мендикулов «К характеристике архитектуры Казахстана ХІХ и начала ХХ вв. В кн.: А.Маргулан, Т.Басенов, М.Мендикулов. «Архитектура Казахстана» Алма-Ата, 1959 г.» және Ажигалиев С.И. «Отчет о работе архитектурно-искусствоведческой экспедиций 1980 г. в Западном Казахстане. Архив Института «Казпроектреставраций»; осы автордың «Отчет о работе архитектурно-искусствоведческой экспедиции в Актюбинской обл.» жұмыстарын жатқызуымызға болады.

Қысқаша анықтамасы: Жем өзенінің сол жақ атырабында орналасқан жаңа дәуірдегі қазақ елінің ең ірі қорымдарының бірі. Қорым ауданы шағын, әртүрлі қабірүсті ғимараттарға (барлығы 264 нысан анықталған) бай. Олардың ішінде борлы әктастан қаланған мавзолей, қашалған тастардан сағанатамдар, тас және саз кірпішті қоршаулар, сандықтас, құлпытас, «қойтастар» бар. Көп жағдайда құлпытастар басқа ескерткіштермен біріктіріліп қондырылған. Нысандар ішінде сәулет және сурет өнерінің туындысындай үйлесім тапқан ХХ ғасырдағы 13 және 164 нысан ескерткіш сағанатамдары ерекшеленеді. Бейіттің батыс жақ бөлігінде өзінің реликті пішінімен қызықты сандықтастар орналасқан. Құлпытас, қойтастардың азғантай тобын көруге болады, олардың ішінде анық бөліктермен анық кесу тәсілімен жасалынған архаикалық, жаңа түрлері кездеседі. Құлпытастың батыс бөлігінде негізінен қазақ тіліндегі араб жазбалары тамғамен байланыстырылып жазылған.

Аңыз-әңгімелер: Асан — ағартушы гуманист, рухани ұстаз, қолбастар көсем, елді ұйытар шешен адам болған. Асан-Қожа атануының себебі қазақ жеріне қожалар келіп, ислам дінін таратқан, медресе ашқан, балаларды оқытқан. Сондықтан Асан деген кісі халық арасында үлкен беделге ие болған, дінді насихаттаған, руы – Қожа болса керек ел ішіндегі аңыздар осылай дейді. Асан-Қожаны әулие деп жұрт ырым етіп, басына түнейді.   Асан Қожа бүкіл қазаққа танымал әйгілі тұлғалар Асау Барақ аталармен тұстас өмір сүрген.