Ескерткіштің түрі: Киелі объекті
Ескерткіштің мерзімі: XIX ғасырдың ортасы
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Құрылыс ауылынан 2,6 шақырым батыс-оңтүстік-батыста
Зерттелуі: Ескерткішті алғаш рет 1980 жылы ҚазССР Мәдениет министрлігінің «Казреставрация» Бірлестігінің экспедициясы (жетекшісі С.Әжіғали) зерттеді. 2009-2011 жылдары кесене қайта қалпына келтірілді. Этнолог, археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шығыс елдерінің Халықаралық архитектура академиясының корреспондент-мүшесі – С.Е.Әжіғалидың Лондонда жарық көрген «Қазақ киіз үйі» кітабында Жаныс тамына «Қазақ даласында сақталып қалған сегіз қанатты киіз үй тәрізді кесене» деген анықтама берілген.
Қысқаша анықтамасы: Кесене мәдени мұра ретінде елімізде ғана емес, шетелдерге де таныс. Сегізқырлы симметриялы кесене. Кесенені Жаныс би көзі тірісінде халық шебері Мейірбекке салдырған. Кесене аса көрнекті жерге басқа кесенелерге ұқсамайтын шеберлікпен салынған.
Аңыз әңгіме: Жаныс би Сығайұлы – төртқара руының биі. Ырғыз өңірінде ел басқару ісіне ерте араласып, билік құрған. Ел мен ел, ру мен ру арасындағы үлкен даулардың төбе биі болған. Жаныс Құламан тайпасының Алтай тармағының ресейлік патша өкіметі құптаған мөрі болған. Мөр өткен ғасырдың 50-60 жылдарына дейін сақталған.
Жаныс би — әйгілі би, халық пір тұтқан тұлғалардың бірі. Бұл кесенені жергілікті халық «Қызыл там» деп атап кеткен. Бұл кесене ғибадат орыны. Жаныс би кесенесі қасиетті орынға айналды. Ұзақ жолға шығатындар, тілек-шарапат күткенде әулие, би атасының мазарына келіп, әруағына бас иеді, сырқаттар түнейді. Жаныс Сығайұлы 1769-1867 жылдары өмір сүрген, табиғатынан ақылды әрі шешен, болмысында әруақтылық, сүйегінде әділдік қасиеті болған би. Ел Жанысты – сардар, дана би атаған.