Ескерткіштің түрі: Қала құрылысы және сәулет
Ескерткіштің мерзімі: XIX ғ. ортасы мен аяғы
Орналасқан жері: Әйтеке би ауданы, Белқопа ауылынан шығысқа қарай 1,2 км
Тарихи мәлімет: Жолай-Жүсіп зиратын алғаш рет 1987 жылы Ш.Уәлиханов атындағы тарих, этнология және археология институты жанындағы Батыс-Қазақстан этнографиялық экспедициясы (жетекшісі С.Әжіғали) зерттеді. Сонымен қатар 2019 жылы Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтынан келген ғалымдар құлпытастардағы эпиграфикалық және эпитафиялық мәтіндерге ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Құлпытастардағы толық мәтін Ақтөбе облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау орталығында сақтаулы тұр.
Ескерткіштің сипаттамасы: Төрқара руының үлкен зираты. Ескерткіш қорған және күйдірілген және күйдірілмеген кірпіштен салынған екі кесенеден, тас қоршау және қазіргі кезеңгі молалардан тұрады.
Зираттың оңтүстік бөлігінде екі кесене бар. Біреуі бай Жүсіп Жолайұлының моласының үстіне салынған, халық арасында аты да соған байланысты берілген. Төртбұрышты формада, күйдірілген және күйдірілмеген кірпіштен салынған. Қазіргі таңда қатты бүлінген. Шамамен өлшемі 8х8 метр. Алдыңғы бөлігінде (солтүстік-батыс) төртбұрышты бүтін блоктан құлпытас орналасқан. Үш жағына тегіс бетті араб жазуы ойып жазылған. Құлпытастың жанында граниттік тақта орнатылған.
Екінші кесене оңтүстік-шығысқа 25 метр қашықтықта олда қатты бүлінген. Оңтүстік-батыс қабырғасында кіре беріс есігі болған болуы мүмкін. Ішкі қабырғаның кейбір бөліктерінде сәндік қалаулар сақталынған. Алдыңғы солтүстік-батыс қабырғасында тұтас блоктан құлпытас орнатылған. Беткі бөлігіне тегіс бетті араб жазуы ойып жазылған.