Жәлімбет батыр кесенесі

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: XIX ғасырдың II — жартысы

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Жаңажол ауылынан 10 км шығыс-солтүстік-шығыста

Зерттелуі: Ескерткішті алғаш рет ХІХ ғасырдың басында И.А.Кастанье, ал 1940-жж. аяғында Т.Басенов анықтаған. 1984 жылы паспорттау мақсатында ҚазССР-і тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының экспедициясы зерттеген (жетекшісі – Әжіғали С.И.).

Қысқаша анықтамасы:

Мавзолей қасбетті-күмбезді, төртбұрышты, күйдірілген, күйдірілмеген кірпіштен қаланған, іргетасы тұрмыстық тастан, арасы балшықпен сыланған. Оңтүстік қасбетінде орналасқан бетше босағасында пилондар сақталған. Ғимараттың қаңқасы нақты бұрышты конструкцияны құрайды. Ғимараттың сыртқы жағында айқын ойықтардың арасында камералар орналасқан. Мавзолейдің жарына өріп қалаған жалпақ барабан күмбез болып жалғасып кеткен. Жар құрылысында бұрыш ойықтарының арасында терең жебе тәрізді ойықтар бар. Камераның сырты тегістеліп ақталған, арканың төменгі бөлігінде өсімдік және геометриялық ою-өрнектердің іздері сары және қара түсте сақталған.

Аңыз-әңгіме: Жәлімбет батыр XVIII ғасырда атақты Көтібар батыр Бәсенұлымен үзеңгілес болып, орыс отарлаушыларына қарсы күреске шыққан.

Ел аузында Жалды Жәлімбет батырдың тұлғасы туралы мынадай деректер бар: «Жәлімбет батырдың арқасында дүрбиген жалы болыпты, Жәлімбет жазғытұрым Құмжарған өзені қатты тасып, су бетінде үйдей-үйдей сеңдер жүріп жатқанына қарамастан өзенге жалаңаштанып беріп кетіп, сеңдерді қолымен итеріп арғы бетіне шығып, кері жүзіп шығады екен. Сонда Жәлімбет батырдың үстінен буы бұрқырап, жалына жабысып жатқан мұз еріп кететін көрінеді. Ол қайратты, өжет, айтқанынан қайтпайтын жаужүрек батыр, жауға жалаңаш та шапқан күндері болыпты» деп айтатын болған.

          Жәлімбет батырдың батылдығы, ру басшылығы мен қатар көрегендігі жүздер арасында ағайындық, туыстық байланыстарын үзбей «Қойы қоралас, ауылы аралас» болып жауларына бірігіп қарсы тұруға шақырады.

Жаугершілік заманда Орта жүзден қоныс аударып бара жатқан Уақ тайпасының Балдығұл мен Басығұл бастаған бір топ салт аттылар Жәлімбет ауылының қасынан өтеді. Мінген аттарына қызықан бір топ ауыл жігіттері үстемдік жасағысы келеді, бірақта Балдығұл мен Басығұлдан сескенеді. Бұны естіген Жәлімбет ауыл жігіттерін тиып бұлардың басқа жерде жүрсе де қорықпағандарына тәнті болып қонақ қылады. Жөн сұраса келе бұларды Орыс патшасы мен басқа жаулардың әбден титықтатқанын естиді. Жәлімбет Балдығұлға сарбаздарыңмен осында қал бәріңе үй, мал беремін жауға бірге шабамыз деп ұсыныс білдіреді. Сөйтіп бәрі Назар елінде қалады. Кейіннен Жәлімбет жалғыз қызы Қамқаны Балдығұлға беріп қасына ертеді. Басығұл Назардың Сауғабай еліне барып тұрақтайды.