Ескерткіштің түрі: Монументтік өнер құрылысы
Ескерткіштің мерзімі: 2000 жыл.
Орналасқан жері: Ақтөбе қаласы, Әбілқайыр хан даңғылы, Облыстық әкімшілік ғимаратының алдында.
Тарихи мәлімет: Әбілқайыр хан Қажысұлтанұлы (1693-1748 жж.) — Қазақ халқының ХVІІІ ғасырдағы даңқты қолбасшысы, сұңғыла саясаткер, көреген мәмілегер, мемлекет қайраткері. 1710 — 1748 жылдары билік құрған Кіші жүз ханы. Соғыстарда батырлығымен, айлакерлігімен, айқас-шайқастырды ұйымдастыра білуімен даңқы шығып, мұрагерлік жолмен емес, өз беделімен Кіші жүздің ханы болды.
Қазақстан тарихында Әбілқайыр есімі қазақтың атақты Жәнібек, Керей, Хақназар, Қасым, Тәуке және Абылай хандарымен тең дәрежеде айтылады.
Әбілқайыр хан Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы аумағында жерленген.
Ескерткіштің сипаттамасы: Ескерткіш күрделі композициядан тұрады: скульптура, тұғыр, іргетас және қорған. Қорған топырақтан үйілген, алдыңғы бөлігі қызыл гранит баспалдақпен көмкерілген. Іргетас пен тұғыр тік тұртбұрышты гранитпен қапталған бетонды блоктарды құрайды.
Тұғырда аттың үстінде отырған ханның бейнесі сомдалған. Мүсінші қазақ халқының басына төнген қиын кезеңдегі жоңғарлармен шайқас алдындағы қолбасшыны бейнелеген. Ханның үстінде ұлттық киім — шапан, басында бөрік, аяғында саптама етік, белбеуінде семсер ілінген. Сол қолы аттың жүгенін ұстап отыр, ал оң қолын жоғары қарай созып халқын ынтымаққа, жеңіске шақырып тұрғандығын білдіреді. Тұғырдың алдыңғы жағында «Әбілхайыр хан» деп жазылған.
Ескерткіштің жалпы биіктігі 12,3 м, мүсіннің биіктігі 2,8 м, тұғырдың ұзындығы – 5,8 м, ені – 2,1 м.
Мүсінші Е.Сергебаев
Сәулетші Б.Егімбаев