Ахмет Байтұрсыновтың ескерткіш – бюсті

Атауы: Ахмет Байтұрсыновтың ескерткіш – бюсті

Ескерткіштің түрі: Монументтік өнер құрылыстары

Ескерткіштің мерзімі: 2015 жыл

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Қарағаш ауылы, Әлия Молдағұлова көшесі

Ескерткіштің сипаттамасы: Бюст А. Байтұрсынов атындағы орта мектептің ауласында орналасқан. Ескерткіштің тұғыры бетоннан жасалып гранит плитамен қапталған. Тұғырдың ұзындығы мен ені – 1,3 метр, биіктігі – 2,6 метр. Бюст әйнек – пластиктен жасалған. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 3,5 метр. Тұғырында орнатылған қара гранит тақтайшаға: «Ахмет Байтұрсынов 05.09.1872 – 08.10.1937 1891 – 1895 жылдары мұғалімдер даярлайтын мектепті аяқтағаннан кейін, Ахмет Байтұрсынов Ақтөбе уезі, Батпақты болысында (қазіргі Ақтөбе облысы Алға ауданы, Самбай ауылы) бала оқытқан» деп жазылған.

Ескерткіш авторы: Ерлан Пірімжанов.

Тарихи мәлімет: Ахмет Байтұрсынов 1872 жылы 5 қыркүйекте Қостанай округі, Торғай уезі, Тосын болысының 5 – ауылына қарасты Сартүбек елді мекенінде дəулетті отбасында дүниеге келген. 1886 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс – қазақ училищесіне түсіп, оны 1891 жылы бітіреді. Сол жылы Орынбор мұғалімдер мектебіне оқуға қабылданып, 1895 жылы ОММ-нің Педагогикалық кеңесінің шешімімен «бастауыш училищенің оқытушысы» деген атақ беріледі. 1896 – 1901 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектепте, екі сыныптық училищеде оқытушылық қызмет атқарады. 1912 жылы Қазақ әліпбиін (төте) түрлеп, қолданысқа ұсынады. Уфа қаласында жүрген кезде көзі ашық оқыған қазақ жастарының бастамасымен елден қаржы жинап «Қазақ» газетін шығарды.