Атауы: Ақбота — Сәңкібай тауы
Ескерткіштің түрі: Киелі объекті
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Миялы ауылынан 45 шақырым қашықтықта орналасқан
Ескерткіштің сипаттамасы: Байғанин ауданының Миялы мен Тоғалай құмынан 45 шақырым жердегі, екі бөлек болып үйілген үлкен ақ бор тау. Табиғат өз қолымен жасаған ғажап ескерткіш теңіз деңгейінен 200 метр биіктікте, 10 гектар аумақты алып жатыр. Бір қырынан қарағанда бота тәріздес, кейде теп — тегіс жерде тұрған борлы тау, су бетінде жүзген аппақ ақ кемені елестетеді.
Тарихи мәлімет: Аңыз бойынша, жылқылы бай Сәңкібай XVIII ғасырда өмір сүрген. Ер адамдар жылдағы дәстүр бойынша Әбілхайыр ханға сәлемдесуге кеткен екен. Қалмақтар жауынгерлердің ауылда жоқтығын пайдаланып, шабуыл жасап, малдарын барымталайды. Барымталанған малды, таланған мүлікті Сәңкібайдың батыл қызы Ақбота жастарды жинап қуып барып қайтарады. Жаулармен шайқаста Ақбота ауыр жарақат алып, қайтыс болды. Осы суық хабарды естіген Сәңкібай, қызының денесімен бірге қайғыдан тасқа айналады. Содан бері екі бөлек болып үйілген үлкен ақ бор тау Ақбота — Сәңкібай деп атала бастады.