Ескерткіштің түрі: Монументтік өнер құрылысы
Ескерткіштің мерзімі: 2010 жыл
Орналасқан жері: Ақтөбе қаласы, Ә.Молдағұлова даңғылы, 32
Тарихи мәлімет: Ұлы Отан соғысы әлем тарихындағы ұмытылмас жылнамаға айналды. Жеңіске жету жолында 55 миллионға жуық адам өмірін қиып, адамзат аса қымбат құрбандыққа барды. Кеңес Одағының халқы Жеңіске жету үшін 1418 күнді сарп етті. Қазақстандық жауынгерлердің қаһармандық жолдары Ұлы Отан соғысының шежіресіне алтын әріппен жазылды. 1 млн 366 мың қазақстандық жауынгерлер ұрыс даласының барлық майдандарында ерлікпен шайқасты.
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына 122 423 ақтөбелік аттанып, олардың 39 503-і майдан шебінде құрбан болды. Жауынгер-жерлестеріміздің 35-і Кеңес Одағының Батыры, 9-ы Даңқ орденінің толық иегері атанды.
Ескерткіштің сипаттамасы: Кеңес Одағының батырларына арнап тұрғызылған ескерткіш-кешен 2010 жылы 23 қыркүйекте Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай салтанатты түрде ашылды. Кешенге кіреберіс жерінде екі биік стелла орналасқан. Әрі қарай Ұлы Отан соғысы кезінде Батыр атағын алған 46 ақтөбелік жауынгерге, қызыл граниттен қарама-қарсы стеллалар тұрғызылған. Әрбір стеллада жауынгерлердің қоладан әзірленген барельефті бейнесі мен есімі жазылған. Кешеннің жалпы аумағы 6 мың шаршы метрді құрайды.
Стелладағы барельеф мүсіншілері: Ж.Кенбай, М.Габдрахманов, А.Құбай, Қ.Қобланов, Ж.Есенғұлов.
Кешеннің сәулетшісі: Б.Егінбаев