Ескерткіштің түрі: Киелі объекті
Ескерткіштің мерзімі: ХІХ ғасыр
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Жарық ауылынан 5,9 км. оңтүстік-шығыста
Зерттелуі: 2008 «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық бағдарламасы аясында және 2017 жылы Тұран телеарнасының «Аманат» экспедициясы ғылыми түрде зерттеп, кітаптар мен бағдарламалар шығарды.
Қысқаша анықтамасы: Бисен Стамбұлдан оралған соң, Қобда өзені бойы Жаманкөл жайлауынан атағы Ойыл, Қобда бойына әбден танымал әйгілі шебер Бірманның көмегімен мешіт салдыртады. Ол мешіт-медреседе сол өңірдің балаларын оқытып, тіл сындырып, ағартушылық білімге баулиды. Ол үлкен рухани құндылыққа айналады. Онда ол 16 жыл дәріс оқып, араб тілдеріне, діни тәрбиеге шәкірттер тәрбиелеп, имандылыққа үйретеді. Қызыл армияның дінге қарсы әйгілі қаулыларына дейінгі атағы дүрілдеп, ел құрметтейтін орын, қасиетті мекен болады.
Мешіттің ені шамамен: 8 м., ұзындығы 15 м., биіктігі 3 м., болды. Мешіт іргетасы табиғи тілім тастармен қаланып, қабырғалары саз балшықтан өрілген, 10 терезесі, 1 үлкен есігі бар. Үлкен намаз оқитын залы және кіре беріс 2 бөлмеден тұрады. Бүгінгі таңда төбесіне салған темір, есік-терезелері бұзып әкетілген.
Аңыз-әңгіме: Бисен хазірет 1878 жылы Ақтөбе облысы, Қобда ауданы Жарық елді мекенінің Жаманкөл жайлауында дүниеге келген. Хазіреттің руы Жетіру- Табын. Әкесі Абдолла да Бисенді он бес жасында Бұхарадағы айтулы медреселердің біріне оқуға түсіреді. Табиғатынан зерек шәкірт медресені ойдағыдай тәмамдағаннан кейін, Түркияға Стамбул шаһарына оқуын жалғастыруға аттанады. Үш жыл Бұқарада, бес жыл Стамбулда оқып теология ілімін терең меңгерген Бисен хазірет елге үлкен оқымысты болып оралады.
1928 жылдар шамасында, елдегі колхоздастыру дәуірі келген кезде бай-молда есебінде конфескіленуі тиіс болатын. Алайда, ауылдық кеңестің хатшысы 25 жастағы Сұлтан Бимағанбетов түнде келіп: «Хазірет жезде, ертең мал мүлкіңді конфескілеп, өзіңді жер аударады. Бұйрық келді, кетпесең болмайды»-деп, хабар береді. Сол түні шағын түйелі көшпен Башқұртстанның Сақмар өзенінің бойына барып қоныстанады.
Аса білімді діндар ғұлама, 1969 жылы 91 жасында дүниеден озып, өз өсиеті бойынша Құмсай елді мекеніндегі Бірмағанбет Көшімқұлұлы әулиенің жанына жерленген.