Есет батыр Көкіұлының ескерткіші

Ескерткіштің атауы: Есет батыр Көкіұлының ескерткіші.

Ескерткіштің түрі: монументтік өнер құрылысы.

Ескерткіштің мерзімі: 2017 жыл.

Ескерткіштің орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Бестамақ ауылы.

Тарихи мәлімет: Есет Көкіұлы ХVІІ ғ. екінші жартысы – ХVІІІ ғ. бірінші жартысында өмір сүрген батыр. Шыққан тегі – Кіші жүз – Жетірудың ішіндегі тама руынан. Жәнібек және Бөкенбай батырлармен бірлесіп жоңғарлар жағынан төніп келе жатқан қауіптің алдын алу жолында халықты жігерлендіріп, ерекше табандылық көрсетеді. 1717–1718 ж.ж. Әбілқайыр мен Қайыптың басшылығымен Бөген, Шаян және Арыс өзендерінің жағалауында, Түркістан, Аягөз іргесінде қазақ жасағының жоңғарлармен шайқасында Есет батыр өзінің қолбасшылық қабілетімен көзге түседі. 1726 ж. Ордабасы жанында бүкіл қазақ жасағы құрылып, оны Әбілқайыр басқарады. 1727 ж. Бұланты өзенінің жағасында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейін алғаш рет ойрат әскеріне күйрете соққы беріледі. Шайқас болған жер халық жадында «Қалмақ қырылған» деген атаумен сақталып қалды. Екі жылдан кейін Балқаш көлі маңындағы Аңырақай жазығында қазақ пен ойрат күштерінің арасында шешуші шайқаста жау әскерлеріне күйрете соққы беріледі. Осы шайқаста Есет батыр Кіші жүз әскерін басқарады. Есет батырдың бұдан кейінгі өмірі Әбілқайыр ханның саяси қызметімен тығыз байланыста өрбиді. Бөкенбай және Жәнібек батырлармен бірге Есет батыр ханға сүйеу болып, ханның кеңесшісі және серіктесі болады. Ресей империясының Үкіметі 1743 ж. патша жарлығымен Есет батырға «Тархан» деген атақ береді.

Ескерткіштің сипаттамасы: Есет Көкіұлының ат үстінде қоладан құйылған мүсіні. Тұғырының биіктігі – 6 м, мүсіннің биіктігі – 5,5 м. Мүсінші – Ерлан Пірімбетов.