Халық кеңесі ескерткіш – белгісі

Атауы: Халық кеңесі ескерткіш – белгісі

Ескерткіштің түрі: Монументтік өнер құрылыстары

Ескерткіштің мерзімі: 2020 жыл

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы, Құрашасай ауылынан 887 метр шығыс – оңтүстік – шығыста орналасқан

Ескерткіштің сипаттамасы: Ескерткіш тұтас гранит тастан тұрғызылған. Ескерткіш үш бөліктен тұрады: табаны, тұғыры, тас белгісі. Тас белгіде орнатылған гранит тақтайшада: «Бұл жерде 1785 жылы 21 қыркүйекте Қазақстанның батыс аймағын мекен еткен елдің билері, батырлары, ру басы ақсақалдары жиылып, қазақ тарихында тұңғыш рет «Халық кеңесі»-деп аталған құрылтай өткізді. Хандық биіліктің дағдарысқа ұшырауына байланысты, ел басқарудың далалық демократияның негізінде жаңа үлгі ұсына білген бабаларға тағзым! Риза ұрпақ атынан. Ақтөбе облысының әкімдігі» деген жазуы бар.

Ескерткіштің табанымен есептегендегі жалпы биіктігі – 2,90 метр. Табанының өлшемі – 0,75 x 1,18 метр, биіктігі – 0,110 метр. Тұғырдың өлшемі – 0,60 x 0,70 метр, биіктігі – 0,45 метр. Тас белгінің өлшемі – 0,25 x 0,60 метр.

Тарихи мәлімет: Сырым Датұлы (1753 – 1802) – Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы күрескен Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы, атақты батыры. Шыққан тегі – Кіші жүздің Байұлы тайпасының Байбақты руынан. Өзінің асқан ақылдылығы арқасында өз ортасында тым ерте танылып, әділдігімен аты шыққан «Бала би» атанды.

Сырым бастаған ұлт-азаттық көтерілістің негізгі себебі – патша саясаты мен Жайық казактарының жүгенсіздігі, олардың қазақ халқын қанауы болды.

Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының мәліметі негізінде Ақтөбе қаласының батыс жағындағы Жіңішке өзені бойында Сырым батыр Датұлы жетекшілігімен 1785 жылы Қазақстан тарихындағы тұңғыш «Халық кеңесі» құрылтайының өткендігі расталды.