Ескерткіштің атауы: «Хан моласы» қорымы. Әбілқайыр хан жерленген орын.
Ескерткіштің түрі: Киелі объект.
Ескерткіштің мерзімі: XVIII-XX ғ.ғ.
Ескерткіштің орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Толыбай ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 77 км.
Тарихи мәлімет: Қорым XVIII ғ. орта шенінде өткен осы жердегі қайғылы оқиғаға байланысты қалыптасқан: бұл жерде Кіші жүздің ханы Әбілқайыр қаза тауып, жерленген. Ондаған жылдар ішінде осы тұста үлкен қорым пайда болып, ХХ ғ. орта шеніне дейін мұнда мәйіттерді жерлеу жалғасып келген. Қорымның көптен бері зиярат ету орнына айналуына, оның киелі саналуына Әбілқайыр ханның «киелі моласы» себеп болды. Әбілқайырдың «Хан моласына» жерленгенін тарихи, топонимикалық, этнографиялық сұрау салу, картографиялық, этноархеологиялық, археологиялық, антропологиялық-генетикалық және т.б. тұтастай кешенді дереккөздер мен дәлелдер растайды.
Ескерткіштің сипаттамасы: Хан моласы қорымы – Өлкейек өзенінің бойымен өтетін көне дала жолының бойына орналасқан орасан үлкен қорым-зират. Көлемі жағынан Хан моласына пара-пар Ордадағы Хан зираты немесе Ұлы Қобда бойындағы Абат-Байтақ қорымдарына мүлде ұқсамайды. Өлкейектегі қорымның жедел өсіп, ұлғайып кетуіне бір жағынан «ел үшін шаһид кешкен» қазақ билеушісінің аруақты тұлға болғанына, екінші жағынан, қорымның Арал сыртындағы аса ірі шөмекей, алтын, жаппас руларының көш жолында орналасқандығы себеп болған тәрізді. Солармен бірге жақын аймақтағы арғын руының қазақтары да «киелі орынға» өз адамдарын жерлей бастаған. Қорымның жалпы көлемі (периметрі бойынша аз ғана күзеттік аймақты қоса есептегенде) 16 гектардан кем емес. 2001 ж. теодолиттік кескіндеу нәтижесінде қорым аумағында 942 қабір анықталды (кейбір болмай қоймайтын ауытқуларды, көптеген ескерткіштердің өшіп кетуін, мүлде жойылуын ескере есептегенде, олардың саны 1 мыңнан астам болған сияқты). қорым аумағында 40-қа жуық тастан қашалған ескерткіштер табылды, олардың көпшілігі – «көктастар» (қабір басына тікесінен қойылған құлпытастар) мен «самарқантастар» (қабір үстіне жатқызылған құлпытастар), олар Оңтүстік Қызылқұм, Нұратау, т.б. өңірлерден әкелінген мәрмәр тәріздес тастар. Мұнда құм аралас әктастан қойылатын батысқазақстандық дәстүрлі, классикалық үлгідегі құлпытастардың бірнешеуі де бар. (Кейбір айтушылардың сөздеріне қарағанда, тастан қиылып қойылған ескерткіштер саны көбірек болған, олар бұл жерден әкетіліп, жоғалып кеткен. Бұдан бірер уақыт бұрын олардың саны 45-50-дей болуы да мүмкін). 2015 жылы қорымда ақ түсті граниттен жасалған биіктігі 25 м, ішкі бөлігіне қазақ халқының ру таңбалары қашалып салынған (жалпы саны 52) архитектуралық ескерткіш және кесене тұрғызылды.