Ескерткіштің түрі: Киелі объекті
Ескерткіштің мерзімі: XIX ғасыр
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Ойыл ауылы, Б.Жолмырзаев көшесі.
Зерттелуі: Қазақстанның батыс аймағын зерттеген белгілі ғалым саяхатшылар П.С.Паллас, Фальк, Г.Георги, П.И.Рычков, тағы басқалары өз жазбаларында сауда жолдары мен орталықтары жөнінде көптеген мәліметтер қалдырды. Қазақ жерінің тарихын зерттеген әйгілі ғалым Ермахан Бекмаханов осы жәрмеңкенің ашылуы жөнінде: басқарушы органдардың тәртібі бойынша алғаш рет 1867 жылы көктемде Орынбор даласындағы Ойыл өзенінің жанында ашылған жәрмеңкенің сауда нәтижесі жақсы болды» деп нақты деректер келтірген.
Қысқаша анықтамасы: Көкжар жәрмеңкесі туралы негізгі ережелерді 1866-жылы 7-қыркүйекте Ресей ішкі істер Министрі бекіткен.
Көкжар жәрмеңкесі ресми түрде 1867 жылы Орал облысының Қазбек болысында көктемде ашылған.
1867-жылғы көктемде жәрмеңке мейлінше қанағаттанарлық нәтижелер берді. Оған шамамен 250 мың сом тұратын тауарлар әкелінген, олардың 100 мың сомнан астам тұратыны сатылды және айырбасталды, жәрмеңкеде 20 мыңға дейін әр түрлі мал сатып алынды. 1867 жылы жәрмеңкеге 137 саудагер қатысты. Көкжәр жәрмеңкесі екі мезгілде өтіп отырған: біріншісі 15 мамыр -15 маусым, екіншісі 15 қыркүйек -15 қазан аралығында өтіп отырған.
Жәрмеңкеге солтүстіктен Орынбор, Сарытау, Самара қалаларынан орыс, татар саудагерлері келіп сауда жасап ішкі байланыс орнатылған. Оңтүстіктен Хиуа, Бұқара, Түркменстан және Орта Азия, Ауғанстан, Иран елдерімен сыртқы байланыс орнатылып, осы аталған өңірлерден керуендер ағылып келген.
Аңыз-әңгіме: Ойылдың көнекөз қарияларының айтуынша бір кездері Ұлы жібек жолының бойында орналасқан көкжар жәрмеңкесіне жүкті пілмен әкелген көрінеді. «Шамасы пілдерді жәрмеңкеге келе жатқан жолда Иасы-Түркістанда, Тәшкенде, Хиуада немесе Бұхарада қыстатса керек» деген дерек айтылады.
Тарихи сауда қатарлары туралы өлкетанушы Жақсылық Бисалиевтің пайымдауынша құрылысты ағылшын, орыс, татар кәсіпкерлері мен саудагерлерінің қолдап, демеуімен белгілі орыс сәулетшісі А. Брюлловтің жобасы бойынша салынған Орынбор жәрмеңке комитетінің, сондағы сауда корпустары мен мұсылман мешітінің, емхана, аса ауқатты татар байлары салдырған ғимараттардың дәлме-дәл көшірмесі етіп келтірген.