Ескерткіштің атауы: Мәні-әулие қорымы
Ескерткіш түрі: киелі объекті
Ескерткіштің мерзімі: XVII ғ.
Ескерткіштің орналасқан жері: Ырғыз ауданы, Шеңбертал ауылынан 6 шақырым батыста.
Тарихи мәлімет: Бұл қорымның пайда болу тарихы белгісіз. Бұл төбені ел Мәні әулие десе, төбе басындағы қаза-қатар жақпар тастардан қаланған қорымды Мәні әулие қорымы деп атайды. Аңыз бойынша ертеде қазақ елін қалмақтар шауып, мал-мүлікпен бірге сол елдің басшысының сұлу әйелін олжалап, бір батырына қосыпты. Сол әйелден дүниеге қыз бала келіп, жасы 15-ке келгенде анасы дүние салады. Елін, жұртын бір көруді арман еткен анасы көз жұмарда өз әкесінің қазақ екенін айтып, қызына қалайда өз еліне қосылуын өтіеді. Жолын өзі айтып береді. «Бізбен бірге жеті жасар бір ер баланы ала келіп, қол аяғын кісендеп қозы бақтырып қойған, сол бала ер жетті, түр-тұлғасы батырға ұқсайды, балға жағдайды түсіндіріп, қалғанын өзің келістіріп елге қашыңдар, ең соңғы да, ең қымбат та өтінішім осы» деп көз жұмады.
Қыз ана аманатын орындауға бел байлап, жігітке сөз салады. «Менің одан асқан арманым жоқ, бірақ қолым қысқа» деп жігіт мұңаяды. Сонымен қыз бір күндері қару-жарақ, сәйгүлік ат тауып, екуі «ел қайдасың» деп қашады. Қыз бен жігіт мінген сәйгүліктерге ешкім жете алмай, әкесінің ғана жететінін сезген қыз жігітке: «Әкемді өзім тоқтатам, сен артыңа қарамай кете бер» дейді. Жігіт шыдай алмай артына қараса, қыз әкесіне садағын кезеп тұр екен. Бір қате іс болар деп жігіт қыздың жанына келіп «Әкеңді атпа» деп қолқа салады. Айтқанын тыңдамай кейін қайтып келген жігітке қатты налыған қыз: «Бекер келдің, атпай-ақ өзім тоқтатар едім, енді не болғанын көрерсің» -дейді. Жақындап келген әкесі «Көзің көргенді қолың ұстасын» деп теріс бата беріп қайтып кетеді. Қуғыншыдан құтылған екеуі біраз демалу үшін осы төбенің етегіне тоқтап, жағасы тал мен ну қамысықа толы жойқын суға салқындау үшін екі жерге кетеді. Бір уақытта шыңғырған қыз дауысы естіледі. Жігіт жетіп келсе мойынына жылан оралған қыз талықсып жатыр екен. Сонда қыз: «Қалмақтың қарғысы жаман дегені рас еді, әкемнің қарғысы орындалды, енді мен саған жоқпын, осы жерге мені жерле, ешқашан менің атымды атаушы болма, осы өтінішімді орында» деп көз жұмады. Жігіт қыздың өтінішін орындап сол жерге жерлейді. Сұраған кісіге «мәні бар ғой» деп жауап берген екен, содан бұл төбе Мәні-төбе атанған дейді. Әлгі жігіт кейіннен әйгілі Жәнібек батыр болыпты деген аңыз бар.
Ескерткіштің сипаттамасы: Тастан қаланған тамдардың қабырғасының қалыңдығы бір метрге жетеді. Тас қорғандар үлкенді-кішілі, кейбіреулері ішектей ширатылып бес-алтауы бір қоршалған. Құлпытастардың кең тараған түрі де кездеседі. Олардың ХІХ ғасырда қойылғаны байқалса, қабірдің бас жағындағы үлкен қара тасқа тек қана ру белгілері салынғандары да аз емес. Табиғи үлкен қара тасқа салынған белгілерден үш жүздің ру таңбаларын кездестіруге болады. Тарихи деректерге сүйенсек, қорымның пайда болу уақыты XVII ғасырдан басталған, ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін құлпытас қою рәсімі тоқтамаған.