Ескерткіштің түрі: Киелі объекті
Ескерткіштің мерзімі: ерте темір дәуірі
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Кеңқияқ ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 4,6 км.
Зерттелуі: Бұл қорымы жөнінде П.И. Рычков пен А.И. Левшиннің еңбектерінде кездеседі. П.И.Рычков өзінің «Топография оренбургской губерни» атты еңбегінде Мәулімберді қорымы жөнінде төмендегіні келтіреді: «Отъ техъ местъ въ растояніи одного дня, по речке Ати-Уилу, на урочище, киргизцы называют святого Мавлюмъ кое-Берды, признакъ города стриного жъ, отъ 30 до 40 зданіи доныне кирпичныхъ где видно, тутъ же поднесъ канал, значатся и огородныя хлебопахотныя места». 1955 жылы В.С.Сорокин және 2002 жылы С.М.Виноградов зерттеді.
Қысқаша анықтамасы: Ортағасырлық мазардың қалдығы қазылған аумақ Мәулімберді әулие қорымы деп аталады. Бұл қорым Темір өзенінің оң жағалауында орналасқан онда үйінді түріндегі ортағасырлық мазарлар мен XVIII-ХХ ғасырдың ортасына дейінгі қазақтың зираттары және ерте темір дәуірінің археологиялық қорғандары бар.
Аңыз әңгіме: Ауызша деректер бойынша бұл жерде шамамен XV-XVI ғасырда өмір сүрген Асан қайғының баласы Мәулімберді әулие жерленген. Сондықтан да ғасырлар бойы өлген адамдарды жерлеген бұл аумақ – қасиетті жер саналып, адам аяғы басып кірмеген. Бұл қорымда жерленгендерді ноғайлар деп атайды, бұл XVII ғасырдың басына дейін, яғни қалмақ-торғауыттардың шабуылына дейін мұнда Темір өзенінен суғару жүйесін тартқан ноғайлардың өмір сүруімен байланысты болса керек. Сарыкөл ауылының ақсақалы 75 жасар Болысбайұлы Меңдіқұлдың айтуына қарағанда, бұл қорымда өткен ғасырдың 50 жылдардың соңында үйінді түріндегі ескерткіштер көп болған, көбін жермен тегістеп жіберген. Жақын маңда ауызша дерек бойынша Қызылқала деген ортағасырлық қала болған.
«Мәулімберді немесе Мәулет берді» — «жағдай жасады», «мүмкіндік берді» дегенді білдіреді. Соған қарағанда тұрған жері жақсы жағдайда болған тәрізді.
Аймақ шамамен ХV ғасырдағы Ноғайлы дәуірінде өмір сүрген Мәлімберді атымен аталады. Осы жерден солтүстік-батысқа қарай 6 км жерде Келімберді атымен аталған қорым бар. Халық фольклорына қарағанда осы өңірде, Темірдің Жемге құяр сағасында Асанқайғының жайлау-қыстау мекені болған. Мәулімбердіні де, Келімбердіні де ноғайлының әулиелері деп атайды. Осыған қарағанда бұл адамдар ХV-ХVІ ғасырларда ноғай-қазақ дәуірінде, Жем бойын мекендеген ноғайлар арасында белгілі, беделді тұлғалар болуы керек.
Бұл қорымдағы әрбір нысан ерте темір дәуірінен бастап ХV-ХVІ ғасырларға дейінгі уақыттағы қазақ халқының тарихы, кесенелер архитектурасынан мол дерек берер қорым ретінде үлкен қызығушылық тудыруда.