Ескерткіштің атауы: Нұрпейіс хазірет мешіті.
Ескерткіштің түрі: Киелі объект.
Ескерткіштің мерзімі: XIX ғ. аяғы – XX ғ. басы.
Ескерткіштің орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы, Қарабұтақ ауылында орналасқан.
Тарихи мәлімет: Нұрпейіс хазірет – белгілі дінбасы, қоғам қайраткері, діни сауаттылығымен қатар араб, парсы тілдерін меңгерген ғұлама, ғалым. Мешіт құрылысы әуелде екі қабатты болған. Бірінші қабатында намаз оқитын үлкен залы, кіре берісі, тағы бір бөлме болған. Екінші қабатында балаларға білім беретін медресе және құран кітаптары сақталған. Бұл мешітті кім салғаны белгісіз.Кеңес үкіметі кезінде бұл мешіт клуб қызметін атқарған. Кейіннен мектеп болған және мектептің спорт залы болған. Қазіргі уақытта екі қабаты қосылып кеткен спорт залға лайықтап жасаған сырлау жұмысының қалдықтары сақталған.Нұрпейіс Байғараұлы-қазіргі Батыс Қазақстандағы Шыңғырлау ауданының Қаратөбе, Томарөткел елдімекенінде дүниеге келген. Атақты ғұлама 1817-1880 жылдар аралығында өмір сүрген. Жас кезінде ауыл молдасынан сабақ алған ол кейіннен білімін жетілдіру үшін Бұхарадағы «Көгілташ» медресесіне барып 6 жыл оқиды. Одан соң араб елінің Шам шаһарында 4 жыл оқып, өте сауатты болып, елге оралады. Елге келгеннен кейін Петербургке барып Ақ патшаның қабылдауында болады. Ақ патша Нұрпейіс хазіретке мұсылманша дінді таратып, насихаттау үшін, діннің әлсіздеу жері деп Жайық, Елек, Ор, Қарғалы өзендерінің бойына барып, осы жерлерде бірнеше мешіт салдыруға кеңес береді. Нұрпейіс хазіреттің қолында «Мешіт салдыруға барлық жағдай жасалсын» деген патша жарлығы болады. Қарғалының Қарабұтақ ауылына қоныстанған Нұрпейіс хазірет мешіт салу жұмысын бастайды. Адамдармен тіл табысу арқылы құрылысқа қажет жабдықтарды Башқұртстан жерінен алдырған. Ол мешіт Қарабұтақ өзенінің арғы бетінде орналасқан екен. Жылдың кей мезгілінде ауыл тұрғындарына мешітке бару қиындыққа соққандықтан, 1905 жылы ауыл орталығына Сафа ишан жаңа мешіт салғызады. Сафа ишан – Нұрпейіс хазіреттің үлкен ұлы. Нұрпейіс хазірет- Құнанбай қажының замандасы болған.
Ескерткіштің сипаттамасы: