Нұрсейіт тамы кесенесі

Атауы: Нұрсейіт тамы кесенесі

Ескерткіштің түрі: Қала құрылысы және сәулет

Ескерткіштің мерзімі: XIX ғасырдың II жартысы

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Талдық ауылынан батысқа қарай 19 шақырым

Ескерткіштің сипаттамасы: Орнықты, айшықты, бейнелі етіп өрілген жоғары жиегі шығыңқы қаланған, қасбетті – күмбезді мазарлардың бірі. Кесене қабырғалары шикі және күйдірілген кірпіштен қаланған. Алдыңғы қабырғаның жоғарғы бөлігіндегі жиекке өрнекті кірпіштің екі белбеуі безендірілген, олардың арасынан жартылай шеңберлі кірпіштердің қатарлары өтеді. Қабырғалардың ішкі беті безендірілген, сылақ сақталған. Жоғарысында сүйір күмбез орналасқан, оның сыртқы бетінде жарық саңылаулары мен сылақтың іздері бар.

Тарихи мәлімет: Там басына қойылған белгі тақтайшада жазылған мәтіннің жалпы мазмұны былай: «Нұрсейіт шамамен 1750 – 1850 жылдары өмір сүрген. Нұрсейіттің дүниеде 11 ұлы, 1 қызы болған. Өзінен бұрын қызы дүние салған соң там құрылысына Қарақалпақ жерінен алдырған сәулетші құрылысшылар тобына басшылық жасап, жұмысын аяқтаған».