Ескерткіштің атауы: Ойсылқара қорымы
Ескерткіштің түрі: киелі объекті
Ескерткіштің мерзімі: XVIII ғасыр – XX ғасыр
Ескерткіштің орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы, Хромтау қаласынан 35 км оңтүстік-оңтүстік-шығыста орналасқан.
Тарихи мәлімет: Ойсылқара әулиенің өмір сүрген уақыты шамамен VII-VIII ғасырлар деп айтылып жүр. Қариялар айтқан аңыз бойынша Ойсылқара әулие Мұхаммед пайғамдардың сопылық хадисін орындаушы ретінде сахарадағы жеті жұртты аралаған тахуа кісі екен. Пайғамбардың тірісінде жүздесу үшін екі рет барып, жүздесе алмапты. Пайғамбарымыз дүниеден өтерде сахабаларының біріне «сахарадағы Ойсылқараға» тапсыр деп жидесін аманатқа қалдырып кеткен дейді. Ойсылқара осы өзен жағасында дүние саларда жеті жұрт сүйегін өз жеріне әкетіп жерлеуге таласатынын білген әулие жеті маяға жеті сандық артып төбе басына түнепті. Сонда кім бұрын тұрса соның жеріне жатамын десе керек. Әулиенің мүрдесіне біртіндеп оянып келгендер сандықты ашып, әулиенің жатқанын көріп маяларын жетелеп кете беріпті. Ойсылқара ІХ-ХІ ғасырларда өмір сүрген діндар адам деген мәлімет бар. Төрт түлік малдың пірлері саналатын Шопан ата әулие – Маңғыстауда жерленген, ал Жамбыл облысында Зеңгі бабаның күмбезі бар. Сонда түйе атасы – Ойсылқара біздің өңірде жерленген болса керек. Бірақ жер аты мен өзен атауы қай Ойсылқара атымен қойылған. Ғылымда мұны айқындайтын нақты дәлел жоқ.
Ескерткіштің сипаттамасы: Ойсылқара қорымы Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы ең ірі мемориалды-діни кешен болып табылады. Қорымның эпонимі әулие, түйенің және түйе шаруашылығының пірі — Ойсылқара болып саналады. Бұл кешен XVIII-XX ғ.ғ. басына жататын жалпы алаңы 100х170 м, шығыстан батысқа қарай созылған 150 бейіт орналасқан дәстүрлі ескерткіштерден құралған көне қорым болып табылады.