Қарағұл тамы кесенесі

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: XIX ғасырдың аяғы

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Бұлақты ауылынан шығысқа қарай 45 шақырым 700 метр, Қайынды ауылынан солтүстік-сотүстік-батысқа қарай 27 шақырым 400 метр

Зерттелуі: Ескерткішті алғаш рет 1984 жылы ҚазССР-і тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының Ақтөбе экспедициясы зерттеген (жетекшісі – Әжіғалиев С.И.). Этнолог, археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шығыс елдерінің Халықаралық архитектура академиясының корреспондент-мүшесі – С.Е.Әжіғалидың Лондонда жарық көрген «Қазақ киіз үйі» кітабында Қарағұл кесенесіне «Қазақ даласында сақталып қалған сегіз қанатты киіз үй тәрізді кесене» деген анықтама берілген.

Қысқаша анықтамасы: Мавзолей күмбезді, сегізқырлы, күйдірілген және күйдірілмеген кірпіштен аралас қаланған, арасы құмды сылақ. Іргетасы жоқ. Жарға 17 қырлы барабан жалғасып, сфера тәрізді күмбезге айналады. Мавзолейге кірер есік жандарында терезелері бар. Ішкі интерьеры жебе тәрізді терең ойықтармен салынған, іші саманды-құмды балшықпен сыланған. Еденде жерлеу камерасында екі мәйіт жерленген ойыс бар.

2007-2009жж. Қарағұл-тамы мавзолейі қайта қалпына келтірілді.

Аңыз-әңгіме: Қарағұл  — жүрегіне иман түйген, жан-жағына  жылу сеуіп, айналасын қамқорлай жүретін, қолындағы байлығын да халықтың пайдасына жаратқан  адам болған. Басына бақ боп бұйырған байлығын өзгелермен бөлісіп, жарлы-жақыбайды жарылқаған Қарағұл қашан да адами қасиеттерді жоғары қойған. Бүтін бір ауылды асырап отырған.

Ел арасында мырзалығымен, кеңпейілділігімен белгілі болған Қарағұл дау туған жерде сындарлы сөз айтар, араздасқан екі жақты бітімгершілікке шақырар аузы дуалы, сөзі өтімді тұлға болған.