Ескерткіштің түрі: Киелі объекті
Ескерткіштің мерзімі: ХІХ ғасыр
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Маржанбұлақ ауылынан батысқа қарай 27 км.
Зерттелуі: Шәкен ишан мешіті ХХ ғасырдың бас кезінде Волга бойы үлгісінде салынған. Мешітті Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының этнография және антропология бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Әжіғали зерттеп, ғылыми жинақтарға енгізді. С.Әжіғалидың «Архитектура кочевников феномен истории и культуры евразии» атты монографиясында және өлкетанушы Р.Ілиясованың «Далам тұнған шежіре» деген кітабында аталған мешіт туралы толыққанды материалдар бар.
Қысқаша анықтамасы:Мешіт іргесі қалақ тастардан басталып, ұлу тастармен әдемі өрілген. Суық жаққа лайықталған, қабырғалары қалың. Үлкен терезелері күн шуағы түсіп тұратындай орналасқан. Қатты қыс болмаса, күн көзінің жылуымен-ақ мешіттің іші жылы болып тұратын. Мұндай мешіттерде, әдетте, күмбез орнатылмайтын. Ғибадатхана төбесі бір не екі сүйір шатырлы мұнара салу дәстүрін сақтады. Мешіт түрлі қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешті: әр жылдары астық қоймасы, соғыс кезінде қашқан кісілерді қамау орны да болды. Кейінгі жылдары ауылға келген кейбіреулер ерігіп атқылап, сыртқы сылауын түсірген дейді жергілікті халық. Мешіт 1992 жылға дейін аса бүліне қоймаған. Дегенмен, ХХ ғасырдың 90-шы жылдары бір қабырғасы үлкен соққыдан опырылған.
Аңыз әңгіме: Шәймерден (Шәкен ишан) Әбжанұлы (шамамен 1853-1929/30 жылдары өмір сүрген) 1853 жылы Бала Қобда өзенінің бойындағы Сарытоғай елді мекенінде бай және ауқатты отбасында дүниеге келген. Шәкен ишан Бұхара және Хорезм қалаларында 7 жыл жыл діни білім алып, 1902-1904 жылдары қалың ел отырған Сарытоғайда осы мешіт-медресені Қазандық жобамен татар шеберіне салғызыпты. Шәкен мешіттің жанындағы медреседе халықтың діни сауатын ашқан. Кеңес үкіметі орнаған соң Шәкен ишан қуғынға ұшырап, тұтқынға алынған бірақ ауыл тұрғындары ол жөнінде теріс пікір айтпаса да, түрмеде отырып келген. Діни сауаттылығын, бойындағы адами қасиеттерін, артына қалдырған рухани мұраны ескере отырып, Шәкенге Ишан атағы беріледі.
Халыққа имандылық жолын насихаттап, балаларды оқытып, елдің еңсесін тіктеуіне өлшеусіз үлес қосқан білімді де ұлағатты ұстаз Шәкен ишан 82 жасында өмірден өтеді. Бүгінде Шәкен ишанның атқарған қызметі ұмытылып, оның елге жасаған игілікті ісінің жалғыз ескерткіші – Сарытоғайдағы осы мешіт.