Ескерткіштің атауы: Шаруа жастарының мектебі
Ескерткіш түрі: Қала құрылысы және архитектура
Ескерткіштің мерзімі: ХХ ғасыр
Ескерткіштің орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Ойыл ауылына қарасты Талтоғай елді-мекені
Тарихи мәлімет:Мұрағат деректеріне сәйкес, Ақкете Әжібай би Болпашұлы (1685-1770 ж.ж) 1736-1737 жылдары Башқұртстанда болған ұлт–азаттық күресте жеңіліске ұшырап, патша үкіметінен қашып келген Жаман, Сары, Балтас есімді көтеріліс басшыларын баласы ретінде қабылдаған. Үшеуіне де Ойыл ауданының Талтоғай мекенінен баспана беріп, үйлендіріп, Башқұртстандағы өздері шыққан Естек руының бір-бір бөлімі екен деседі. Балтастың ұрпағы Меңдібай Күмісбайұлы (1845-1910ж.ж) белгілі ағартушы Ыбырай Алтынсариннің ықпал етуімен Орынбор генерал –губернаторлығынан белгілі бір мөлшерде қаражат бөліп, оған қоса туыстарынан қаражат жинап, мектеп салдырған. Күйдірілген қызыл қыш кірпіштен қаланған бір-біріне ұқсас қатар тұрған екі ғимарат бүгінде «Қызыл мектеп» аталып кеткен. Ғимарат заман талабына сай әр кезде әрқилы мақсатқа пайдаланылған. 1930 жылдарға дейін екі класстық қырғыз-орыс мектебі, 1930-1932 жылдары шаруа жастарға арналған сауат ашу мектебі, 1932-1960 жылдар аралығында «Ойыл жетім балалар үйі» ретінде жұмыс жасаған. 1960-1970 жылдары туберкулез ауруын емдейтін санаторий болған.
Ескерткіштің сипаттамасы: Қызыл мектеп салуға қолданылған қызыл кірпіштің ұзындығы 20 см, биіктігі 5-6 см. Мектептің негізгі үйінің ұзындығы 30 м, ені 20-23 м, биіктігі 3,5 м. Шатырының жерден алғандағы биіктігі 5 м, үйдің жоғарғы төбесінен алғандағы арқалығы 6-7 м. Онда 20 бөлме бар. Дәлізінің ені 4 м, ұзындығы 20 м. Қосымша құрылысының ұзындығы 15 м, ені 7-8 м,биіктігі 4м. Мұнда сегіз бөлме болған.