Ескерткіштің атауы: Жармола жәрмеңкесінің орны
Ескерткіш түрі: Қала құрылысы және архитектура
Ескерткіштің мерзімі: 1870 ж.
Ескерткіштің орналасқан жері: Ырғыз ауданы, Ырғыз ауылы
Тарихи мәлімет: Феодалдық қоғамның бытыраңқы шаруашылық жүйесі, техникалық базасы жоқ әлсіз экономика Ырғыз өлкесінде сауданы күнкөрістің тірек-тиянағына айналдырды. Соның нәтижесінде дала өміріне орыс капитализмінің сәулесі түсіп, қазақтар Ресейдің империялық сауда жүйесінің қармағын қаба бастайды. Нақ осы тұста Ырғыз бойына жан-жақтан көшіп келіп, қоныстанушылар көбейе түседі.
Сауда құдіретінің елең-алаңында Ырғыз қазақтарының әрі мол, әрі арзан шикізатының жарнамасы әр қиырдан әр ұлттың саудагер адамдарын тез жинаған. Мұны бір ғана 1911 жылғы уезд халқының демографиясы дәлелдейді. Байырғы халықтың қонысына әр ұлттың алыпсатар саудагерлерінің құйылуын дәйекті түсінген патша үкіметінің уездік әкімдері тұрақты дүкендер, жәрмеңке және жиі өткізіліп тұратын айырбас алаң саудасы түрлерін жедел дамытқан. Ірі сауда ұясы жәрмеңке Ырғыз қаласында 1870 жылы 19 қарашада ашылған. Жәрмеңке жылына екі рет 6-20 маусым және 25 қыркүйектен 8 қазанға дейінгі аралықта өткізілген.