Есет Көтібарұлы ескерткіші
Ескерткіштің түрі: Монументтік өнер құрылысы
Ескерткіштің мерзімі: 2023 жыл
Орналасқан жері: Ақтөбе қаласы, Д.Қонаев пен К.Нокин көшелерінің қиылысы
Тарихи мәлімет: Есет батыр (1803-1889) – халықтың әйгілі батырларының бірі. Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы, Кіші жүздің Қабақ руының басқарушысы болған. Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы Шалқар көлінен жеті-он шақырым жердегі Ақши бойында дүниеге келген.
1838 жылы Жоламан батырмен бірге көтеріліске шығып, Елек қорғанына шабуыл жасаған. 1847-1878 жылдары Жанқожа батырмен бірге Қоқан, Хиуа хандықтарына қарсы шықты. 1847-1858 жылдары Есет батыр Арал теңізінің батыс жағалауын, Үлкен және кіші Борсық құмдары мен Мұғалжар тауларын, Жем, Сағыз, Ырғыз, Елек, Ойыл, Қыйыл өзендерінің бойын жайлаған қазақтардың Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы көтерілісіне басшылық жасады.
Ескерткіш 2023 жылы Есет батыр Көтібарұлы қоғамдық қорының қаражатына орнатылды.
Ескерткіштің сипаттамасы: Ескерткіш құрылымы сол қолына найза ұстаған Есет Көтібарұлының ат үстіндегі мүсіні мен тұғырдан тұрады. Тұғыры цементтен құйылып, гранитпен қапталған. Тұғырының ұзындығы 8,8 метр, ені 4,6 метр, биіктігі 3,55 метр. Төрт қатарлы стилобат ұзындығы 15 метр, ені 10,8 метр, биіктігі 0,5 метр. Мүсін мыстан құйылған, биіктігі 5,45 метр.
Жалпы биіктігі 9,5 метр
Мүсіншісі: Ж. Жұбанқосов.