Абат-Байтақ қорымы

Ескерткіштің түрі: Республикалық маңызы бар киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: XIV-XX ғғ.

Орналасқан жері:  Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Талдысай ауылынан 12 км оңтүстік-оңтүстік-батыста.

Зерттелуі: Бұл ескерткіш тұңғыш рет П.И.Рычковтың «Орынбор топографиясы» атты еңбегінде келтіріліп, онда подпоручик Ригельман Қарасу өзені үлкен Қобдаға құятын сағада «пирамида тәрізді жасалған қырғыздар (қазақтар) Астана деп атаған біршама тастан қашалған құрылыстар тауып, суретін салып және мұнда белгілі адамдар жерленгені, солардың бірін олар Байтақ деп атайтыны» жазылған. Кейін ХІХ ғасырдың аяқ кезінде ғана осы ескерткішті Я.Я.Полфёров негізінен аңыз ретінде сипаттаған. ХХ ғасырдың басында тұңғыш рет «Байтақ мавзолейінің» графикалық фиксациясы Ж.Кастаньенің «Қырғыз (Қазақ) даласы мен Орынбор өлкесінің көне ескерткіштері» атты еңбегінде жарық көреді. Соғыстан кейінгі жылдары архитектура тарихшылары назар аудара бастады. М.Меңдіқұлов Абат-Байтақ мавзолейіне салыстырмалы-типологиялық талдау жасайды. Абат-Байтақ қорымын кешенді зерттеуді 1979-1980 жылдар аралығында Қазақстан Мәдениет минстрлігінің (жетекшісі С.Әжіғали) экспедициясы жүзеге асырып осы жолы ескерткішті ғылыми тұрғыдан іс жүзінде қайтадан ашты.

Қысқаша анықтамасы: Абат-Байтақ кешенінің маңыздылығы XVIII – XX ғ.ғ. басында бұл жерде қазақтың аса зор қорымының бой көтеруімен байланысты. Оның құрамына шикі кірпіштен салынған мазар мен 200-ден астам құлпытастар кіреді. Олар қабір үйіндісі мен шикі кірпішті қоршаулардың батыс жағында орнатылған. Абат-Байтақ құпытастары әртүрлі үлгілермен, композициялық және әшекейлік-сәндік, берегейлігімен, оймыштардың тартымдығымен ерекшеленеді. Осылардың ішінде ежелгі үлгідегі: қорымның батыс жағында орнатылған, тасқа айналған ағаш түріндегі құлпытас өзінің керемет қарапайымдылығымен көзге түседі. Көптеген ескерткіштерде араб әрпімен қазақ тілінде жазылған мәтіндер мен таңбалар ойылып түсірілген. Олардың тарихи-этнографиялық маңызы өте зор. Қорымда Кіші жүздің табын, кете, шекті, ожырай, байбақты және басқа да рулардың өкілдері жерленген. т.ғ.д., профессор С.Әжіғалидың зерттеулері бойынша мавзолейдің  қалыңдығы 3 метр, биіктігі 5 метрге жуық қасбеті (портал) болғандығын дәлелдеді. Мавзолейдің жалпы биіктігі 16 метр болған, қазіргі сақталып тұрған биіктігі 14,5 метр.

Аңыз әңгіме: Аңыз бойынша бұл мавзолей ХV ғасырда өмір сүрген, «Жерұйықты» іздеп өткен Асан Қайғының ұлы Абат батырға арнап салынған. Әкесінің тапсыруымен шөбі шүйгін құнарлы мал өрісін іздеуге шыққан Абат батыр осы Бесқопада желмаядан құлап қаза табады. Екінші атауы – «байтақ» кең, шексіз деген ұғымды білдіреді. Аңыз желісі бойынша Байтақ кедейлерге көп көмектескен, қолы ашық жомарт адам болыпты. Соған байланысты қосалқы есімін халық берген деп айтылады.