Ақпан айының 2-сі күні Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимаратында «Абат-Байтақ» қорымының арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштері» атты кітап-альбомының таныстырылымы өтті. Аталған шараға Ислам ынтымақтастығы ұйымы (OIC) жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) ғылыми кеңесшісі, т.ғ.д, профессор Әшірбек Мүминов, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, PhD докторант Бағдат Дүйсенов, Егемен Қазақстан газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, эпиграфист Қазыбек Құттымұратұлы және де еліміздің өзге облыстарынан эпиграфист, тарихшы, өлкетанушылар қатысты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен Абат-Байтақ қорымындағы 240-тан аса құлпытастағы араб жазулы эпиграфикалық мәтіндер қағазға түсіріліп, аударылған болатын. Кітап-альбом 3 тілде, көрнекті суреттерімен, құлпытас сипаттамаларымен және ондағы мәтіндерімен бірге жарияланды. Кітап-альбом алдағы уақытта облыстағы барлық кітапханаларға таратылып, оқырман қауымға қолжетімді болады.