Абдолла хазіреттің Көк мешіті

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: ХХ ғасыр

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қопа ауылынан 10 км солтүстік-солтүстік-батыста

Зерттелуі: Абдолла хазіреттің Көк мешіті туралы «Алтын Орда», «Ақтөбе» және т.б. бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше зерттеу материалдары жарияланды.

Қысқаша анықтамасы: Мешіт ел арасында «Көк мешіт» аталады. Бұлай аталу себебі – оның қабырғалары Самарханнан әкелінген көк тастан қаланады. 1914 жылдан бастап балалар оқи бастайды. 1918 жылға дейін Абдолла хазірет өзі имам болған. Мешіт 1930 жылдар шамасында талқандалып, кірпіштері түрлі құрылысқа пайдаланылған.

Аңыз әңгіме: Абдолла хазірет Жаналыұлы 1855 жылы дүниеге келіп, Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы территориясына қарасты Шибұлақ деген жерде мешіт ұстап, балаларды діни сауаттылыққа  оқытқан.

 Орынбор татарларының мешіттерінде мұсылманша сауат ашып, Уфа қаласындағы Ислам медресесінде оқып, Бұхара жоғарғы мектебінде ілімін толықтырған.

 Оның ілімдері негізінде құранмен тәлім беріп, рухани тәрбие, математика жағрафия табиғат тазалығы, т.б. дүниетаным сабақтарын оқытқан. Ол тек діни сауатты ғана емес, жан-жақты білімдар ғалым болған.  Келешегін болжай алар көреген, дуамен дем салар тәуіп, тарихат жолын толық меңгеріп бойына қасиет дарыған әулие. Бойына жаман дүние дарытпаған, ойына арам ниет жолатпаған, Алланың ақ жолынан адаспаған, сол кездегі қариялардың естеліктерінде Абдолла хазірет Қазақстанның батыс өңірінде ислам әлемі ғылымын дамытқан ғалым екендігі дәлелденеді.

Ол 1918 жылдың басында халық арасына төніп келе жатқан зобалаңды сезіп, «Алла мына босатын өкіметті бізге көрсетпей-ақ қойсын» деген екен. Әулие, айтқаны келіп, сол 1918 жылдың соңына жетпей көз жұмыпты.

Абдолла хазірет «Көк мешіттің» аумағына жерленген.