Айдарлыаша геологиялық қимасы

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласынан 45 шақырым

Зерттелуі: Айдарлыаша қимасы 1950 жылдардан бері зерттеліп келеді. 1991 жылы әлем ғалымдары пермь жүйесінің 150 жылдығы қарсаңында осы кезеңге байланысты барлық геологиялық қималарға зерттеулер жүргізеді. Айдарлыаша қимасы – бұдан он миллиондаған жылдар бұрынғы Карбон және Пермь дәуірлерінің ізі сақталған орын ретінде 1996 жылы Қытайда өткен дүние жүзі ғалымдарының Халықаралық геологиялық конгресінде әлемде теңдесі жоқ табиғи ескерткіш деп бағаланып, халықаралық геологиялық ескерткіштер қатарына қосылды. 1997 жылғы 31 наурызда Қазақстан Республикасы Ғылым министрі С.Школьниктің атына ресейлік профессор В.Давыдовтан хат келіп түседі. Ғалым ол хатта Айдарлыашаны – ұлттық қорық немесе парк жасап, мемлекеттік қорғауға алу қажеттігін ескертумен бірге, оның маңызын, сырын ашу үшін көп тер төгілгені жөнінде сөз етіп, әсіресе Лимуза Зағитқызы Ахметшинаның еңбегі ерекше екенін атап көрсеткен.

Қысқаша анықтамасы: Айдарлыаша қимасы – Хромтау ауданы аумағындағы шағын өзеннің жағасын қымтай орналасқан, көлемі үш гектар болатын, көлденеңі 200 метр, ұзындығы 1,5 шақырым аумақты алып жатыр.

Аңыз әңгіме: Жалпы, 350-360 миллион жылға созылған Карбон мен 285 миллион жылға созылған Пермь-Палеозой заманының соңғы кезеңдері екені белгілі. Карбонның алдындағы Девон кезеңінде ауа райы ылғалды әрі жылы болып, алып ағаштар қаулап өсіп, трилобиттер, сауытты жануарлар дәуірлесе, Карбонның соңы мен оған ұласқан Пермь кезеңінде ауа райы құрғақтанып, бұрынғы тіршілік түрлері бірте-бірте жойылып, жаңа жағдайға бейімделген өсімдіктер мен жәндіктер пайда болды. Карбон мен Пермь кезеңдері трилобиттердің құрып бітуі, қосмекенділердің дәуірлеуі және жорғалаушылардың, бунақденелілердің пайда болып, дамуымен ерекшеленеді.

Айдарлыашаның кереметі бұл ғана емес, сонымен қатар осы қиманы зерттеу арқылы жер қыртысының әр кезеңдеріндегі ерекшеліктерін, бүкіл Арал, Каспий маңы, Батыс Қазақстан өңірінің кен байлықтарын, олардың мөлшері  қандай тереңдікте жатыр деген сынды мәліметтерді анықтауға болады.

Айдарлыаша геологиялық қимасы – 350 миллион жыл бұрын жер қыртысының қалай және қандай жыныстардан түзелгенін көруге болатын әлемдік маңызы бар ескерткіш болып табылады.