Асан-Қожа қорымы

Ескерткіштің атауы: Асан-Қожа қорымы

Ескерткіштің түрі: киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: ХVIII ғасыр – ХХ ғасырдың басы

Ескерткіштің орналасқан жері:  Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Оймауыт ауылынан батыс-оңтүстік-батысқа қарай 43 шақырым қашықтықта орналасқан.

Тарихи мәлімет: Асан – ағартушы гуманист, рухани ұстаз, қолбастар көсем, елді ұйытар шешен адам болған. Асан-Қожа атануын себебі қазақ жеріне қожалар келіп, ислам дінін таратқан, медресе ашқан, балаларды оқытқан. Сондықтан Асан деген кісі халық арасында үлкен беделге ие болған, дінді насихаттаған, руы – Қожа болса керек ел ішіндегі аңыздар осылай дейді. Асан-Қожаны әулие деп жұрт ырым етіп, басына түнейді. Бүтін бір ұлыс жауға шапқанда рух көтерер ұранына, тау шағылғанда медет тұтар піріне, қараңғы қапаста шұғыла шашар шырағына айналған. Жұма сайын ата қабірінің басына барып құран бағыштап отырған жұрт мұның себебін риза болған ата аруағының құдіретіне балайды.

Ескерткіштің сипаттамасы: Жем өзенінің сол жақ атырабында орналасқан жаңа дәуірдегі қазақ елінің ең ірі қорымдарының бірі. Қорым ауданы шағын, әртүрлі қабірүсті ғимараттарға (барлығы 264 нысан анықталған) бай. Олардың ішінде борлы әктастан қаланған мавзолей, қашалған тастардан сағанатамдар, тас және саз кірпішті қоршаулар, сандықтас, құлпытас, «қойтастар» бар. Көп жағдайда құлпытастар басқа ескерткіштермен біріктіріліп қондырылған. Нысандар ішінде сәулет және сурет өнерінің туындысындай үйлесім тапқан ХХ ғасырдағы 13 және 164 нысан ескерткіш сағанатамдары ерекшеленеді. Бейіттің батыс жақ бөлігінде өзінің реликті пішінімен қызықты сандықтастар орналасқан. Құлпытас, қойтастардың азғантай тобын көруге болады. Олардың ішінде анық бөліктермен анық кесу тәсілімен жасалынған архаикалық, жаңа түрлері кездеседі.