Ашаршылық және саяси репрессия құрбандарына арналған ескерткіш-белгі

Ескерткіштің түрі: Монументтік өнер құрылысы

Ескерткіштің мерзімі: 2018 жыл

Орналасқан жері: Ақтөбе қаласы, Жеңіс даңғылы 31, Қалалық мәдениет Үйі ғимаратының артқы алаңы

Тарихи мәлімет: Ескерткіш барлық ашаршылық және саяси репрессия құрбандарын мәңгі есте қалдыру мақсатында орнатылған.

Тарихи деректер бойынша 1932-1933 жылғы аштық пен аурудан Қазақстанда 3 миллионға жуық адам (жалпы халықтың 42%-ы) көз жұмған. 600 мыңнан аса қазақ азаматтары осындай себептермен туған жерін тастап шетелдерге кетуге мәжбүр болды. Халқымыздың тең жартысы қырылған ашаршылықпен жалғасқан 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессиялау да қазақ үшін ауыр соққы болған еді. Осы жылдары Қазақстанда 100 мыңдай адам жазықсыз сотталып, оның 25 мыңы атылды. Халқымыздың көзі ашық, зиялы азаматтары осы режимнің құрбаны болып, жазықсыз жапа шекті. Тек Ақтөбенің өзінен 7 мың адам лагерьлерге айдалып, 1800 адам ату жазасына кесілді.

Ескерткіштің сипаттамасы: Композиция тоталитарлық режимнің құрбаны болған адамның тұлғасын құрайды. Басы мен кеудесі төмен қараған қайғылы тұлға, бірақ жан дүниесі мықты жеңілмеген жан. Ол өз ақиқатын дәлелдеу үшін ақырына дейін шайқасып, темір тұтқыннан босауға тырысады. Оның жалаң аяғы жерге кірген, бірақ ол қалпына келетініне сенеді. Фигура жалынның тіліне ұқсас матамен оралған. Гранит қабырғасының үстінде шаңырақ орнатылған. Ескерткіш қоладан құйылған, биіктігі 2,40 метр.

Мүсінші А.Құбай.