Ақтөбе облысындағы этнографиялық ескерткіштердің зерттелуі

Ақтөбе облысының ежелгі этнографиясын зерттеу.

Қазақстанның халықтық сәулет өнері ескерткіштері ежелден саяхатшылардың, әскери адамдардың, зерттеушілердің назарын өзіне аударған. Атап айтқанда, Қатағанның ұлы, оғыз жабғуы Етіректің Үстірттегі қалалы – ордасында 922 жылы болып қайтқан араб саяхатшысы, әрі елшісі Ахмет ибн Фадлан оғыздардың бейіт басындағы құрылыстары, олардың салт-санасы, ғұрыптық жерлеу әдеттері туралы қызғылықты мәліметтерді жинаған. ХІІІ ғасыр ортасында басқа елші ІХ Людовиктің өкілі Гильом де Рубрук өз жазбаларында қыпшақтардың тұрмыс-тіршілігі, дәстүрлі шаруашылығы туралы баяндайды. Сонымен қатар, ХV-ХVІ ғасырлардағы қазақ қолөнерін зерттеу жөніндегі дереккөздердің біріне бұхар тарихшысы Фазлаллах Рузбиханның еңбегі жатады. Академик Ә.Х.Марғұланның айтып көрсеткеніндей, Рузбихан қазақтардың тұрғын жайларын тіркеген және сол кездегі көшпенділердің дәстүрлі тұрмысы, соның ішінде кәсіпшілігі туралы жазған Бізге көп мәлімет қалдырған Ахмет ибн Фадлан, Гильом де Рубрук, ибн Баттута және т.б.

ХІІІ ғ. басында Ресей империясының Қазақстан, Орта Азия мемлекеттеріне деген саяси қызығушылығы олардың Батыс Қазақстанның көшпелі халықтарының ескерткіштеріне назар аудара бастады. Ол кездегі зерттеулерге атақты ғалым П.И. Рычков, П.С. Паллас, И.П. Фальк т.б. еңбектері кіреді.

Алғаш болып ресейлік ғалымдардың ішінде Ақтөбе өңірінің ескерткіштеріне ден қойған П.И.Рычков болды. Осылайша ол өз жазбаларында Елек өзенінің жағалауындағы Елек бекінісі маңында кірпіштен қаланған құрылыстар туралы, Байтақ қонысындағы ескі ғимаратты (Абат-Байтақ), Мәулімберді қонысы т.б.туралы сөз етеді. Осы кезеңде П.С. Паллас, И.П. Фальк еңбектерінде ғұрыптық кешен Балғасын, Әбілхайыр хан ескерткіші туралы алғашқы жазбалар пайда бола бастайды.

ХІХ-ХХ ғ.басында архитектуралық ескерткіштер туралы мәліметтер толыға түседі. Ол кезде тарихи-мәдени мұраларды зерттеуде ғылымилық басым екені байқалады. Э.Эверсман Ақтөбе қаласының оңтүстігінде Елек және Тамды өзендері бойындағы ежелгі молалардың барын айтады. Ал А.И.Левшин болса өзінің «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей» еңбегінде өткен замандағы шығармаларға сүйеніп Үлкен Қобда бойындағы Байтақ қонысындағы ежелгі құрылыстардың бар екенін, сонымен қатар Торғай, Сағыз, Ойыл өзендері бойындағы көне молаларды жазып кетеді.

XIX ғ.аяғы мен XX ғ.басында Батыс Қазақстанның өткен тарихын зерттеуге А. Харузин (Бөкей Ордасы), И.А. Кастанье Орал және Торғай облыстарына бет бұрады. 1910-1911 жылдары Орынбор ғылыми мұражайлық комиссия мүшесі И.А.Кастанье Қазақстан ескерткіштеріне арналған екі негізгі еңбегін шығарады. Бұл еңбектер ғылымилығы жағынан казақстандық ескерткіштерді неғұрлым толық қамтылған жазбалар еді. Сонымен қатар Попов А.В., Матов А., Баннов С.П. сынды комиссия мүшелері де өз баяндамаларында өңірдің ежелгі ескерткіштері туралы бірнеше рет сөз еткен болатын.

ХХ ғ. ортасында отандық тарих ғылымының дамуына байланысты Батыс Қазақстанға Т.К. Бәсенов және М.М. Меңдіқұлов сияқты көрнекті ғалымдар келеді. 1946 жылы Т.К.Басенов Байғанин ауданында (Жем өзенінің ортаңғы ағысынан Сам құмдарына дейін) зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Мемориалды-ғұрыптық архитектуралық ескерткіштерге М.М.Меңдіқұловта аз еңбек арнаған жоқ. Ол Маңғыстау, Үстірт, Жем өзені бойындағы,(мысалы, Асан-қожа, Нұрмамбет, Әсіреп-Мүсіреп және т.б.) ірі ескерткіштерге мақсатты бағытталған зерттеулер жүргізіп, ғұрыптық-жерлеу құрылыстарының классификациясын жасап, олардың пайда болу, даму мәселелерін қарастырды.

Осы жылдары Батыс Қазақстан, Үстірт территориясында С.П.Толстов бастаған Хорезмдік археологиялық-этнографиялық экспедициясы барлау жұмыстарын жүргізді. Дәл осы кезде белгілі археолог Ә.Х.Марғұлан Абат-Байтақ қорымында болып кеткен.

Батыс Қазақстанның архитектуралық ескерткішін зерттеудегі жаңа кезең ол ХХ ғасырдың 70-ші жылдары еді. Сол кездегі саясаттың басты мақсаты ескерткіштерді анықтау, есепке алу және құжаттау, қалпына келтіру болды. Батыс Қазақстан аймағының ескерткіштерін сонау 80-ші жылдардан бері талмай зерттеп келе жатқан С.Е.Әжіғали 1979-2009 жылдары ұйымдастырған ғылыми-зерттеу экспедицияларының нәтижесінде Батыс Қазақстандағы халықтық сәулет өнері ескерткіштерінің ареалы айтарлықтай кеңейді. Оның «Генезис традиционной погребально-культовой архитектуры Западного Казахстана», «История и культура Арало-Каспия», «Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии» және Р. Бекназаровтың «Қазақтың дәстүрлі тас қашау өнері» атты монографияларында Батыс Қазақстанның, соның ішінде Ақтөбе облысы ескерткіштерінің тарихы, этнографиясы, симантикасы, олардың түрлері жан-жақты сарапталып, ғылыми жүйеленді.