Балғасын қорымы

Ескерткіштің атауы: Балғасын қорымы

Ескерткіш түрі: киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: ХV ғ. аяғы-XVI  ғ. басы

Ескерткіштің орналасқан жері: Шалқар ауданы, Талдықұм ауылынан 11,2 км оңтүстік-батыста.

Тарихи мәлімет: Қазақ аңыздарында Балғасын көшіқон кезінде өлген қыздың есімі екең жерленгеннен кейін басына әкесі Қазтуған ханның: «Қол астымдағы әрбір отбасы бір кірпіштен қаласын!» деген нұсқауы бойынша мұнара бір күнде тұрғызылыпты делінеді. Мұнара қазір бұзылған. Ол ұзақ уақыт бойына қыпшақ дәуірінің ескерткіші деп есептелініп келген 1979-80 ж.ж. Қазақстан Мәдениет министірлігі. Экспедициясының (жетекші С. И. Әжіғалиев) зерттеулері нәтижесінде Балғасын мұнарасын 15 ғасырдың аяғы мен 16 ғасырдың басындағы қазақ-өзбек-ноғай дәуірінің құрылысы екендігі анықталды. Құлағанға дейінгі (1900) мұнара сипаттамаларына, әсересе А. Матовтың суретінде (1897), кесенеде Әмір Темір заманындағы сәулетшілер мектебінің белгілері айқын байқалады. Мұнара құлай бастағанда бұл кірпіштерді кейінірек салынған Оңалбек ата кесенесіне пайдаланған. Балғасын мұнарасынның архитектурасы Мауераннахр және Дешті Қыпшақ мемориалдық құрылыстарымен композициялық байланысын көрсетеді. Сондай-ақ оның ХІХ ғасырда Ырғыз-Мұғаджар өңірінде салынған ғажайып күмбезді кесенелерге ықпалы байқалады.                                 

Ескерткіштің сипаттамасы: Балғасын мұнарасын 9х10 м шаршыға жуық жобадағы діңгекті ғимарат деп есептеуге болады. Кіретін есік оңтүстік-батыс қабырғаның оң жағында.  Суретте көрсетілгендей, жататын тұғыр үстіндегі кеңірдек тәрізді барабанға көп қырлы күмбез салынған. Ғимараттың биіктігі 18-20 м. Түркістан қаласындағы осы тектес Рабия Сұлтан-бегім (15 ғасырдың аяғы) кесенесінің биіктігі 23 м. Балғасын мұнарасын 4,5-5х11х12 см және 5х22х22 см тікбұрышты және шаршы, өте жоғары сапалы күйдірілген кірпіштен тұрғызылып, күмбезі көгілдір эмаль жалатқан кірпішпен қапталған.