Бисен хазірет мешіті

Ескерткіштің атауы: Бисен хазірет мешіті

Ескерткіштің түрі: киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басы

Ескерткіштің орналасқан жері:  Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Жаманкөл елді мекені.

Тарихи мәлімет: Бисен хазірет 1878 жылы Ақтөбе облысы, Қобда ауданы Жарық елді мекенінің Жаманкөл жайлауында дүниеге келген. Хазіреттің руы Жетіру- Табын. Әкесі Абдолла да Бисенді он бес жасында Бұхарадағы айтулы медреселердің біріне оқуға түсіреді. Табиғатынан зерек шәкірт медресені ойдағыдай тәмамдағаннан кейін, Түркияға Стамбул шаһарына оқуын жалғастыруға аттанады. Үш жыл Бұқарада, бес жыл Стамбулда оқып теология ілімін терең меңгерген Бисен хазірет елге үлкен оқымысты болып оралады.

1928 жылдар шамасында, елдегі колхоздастыру дәуірі келген кезде бай-молда есебінде конфескіге ілінеді. Ауылдық кеңестің хатшысы 25 жастағы Сұлтан Бимағанбетов түнде келіп: «Хазірет жезде, ертең мал мүлкіңді конфескілеп, өзіңді жер аударады. Бұйрық келді, кетпесең болмайды»-деп, хабар береді. Сол түні шағын түйелі көшпен Башқұртстанның Сақмар өзенінің бойына барып қоныстанады.

Аса білімді діндар ғұлама, 1969 жылы 91 жасында дүниеден озып, өз өсиеті бойынша Құмсай елді мекеніндегі Бірмағанбет Көшімқұлұлы әулиенің жанына жерленген.

Ескерткіштің сипаттамасы: Мешіттің ені шамамен: 8 м., ұзындығы 15 м., биіктігі 3 м., болды. Мешіт іргетасы табиғи тілім тастармен қаланып, қабырғалары саз балшықтан өрілген. 10 терезесі, 1 үлкен есігі бар. 2 бөлмеден: үлкен намаз оқитын залы және кіре беріс бөлмеден тұрады. Мешіт Қобда ауданы, Жарық елді мекенінде күні бүгінге дейін бой көтеріп тұр. Бүгінгі таңда төбесіне салған темір, есік-терезелері бұзып әкетілген.