Ботакөз кесенесі

Ескерткіштің атауы: Ботакөз кесенесі

Ескерткіш түрі: киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: 2005 ж.

Ескерткіштің орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Кемер аулынан 23 км солтүстік-батыста.

Тарихи мәлімет: Қазақтың қарапайым қызының туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігінің, сұлулықтың, ар-ождан тазалығының ескерткіші, ұлттық сәулет өнерінің туындысы.

Елімізді жаудан найзаның ұшымен қорғаған батырлардың ішінде Тама

Есет Көкіұлының қызы, Әжібай бидің келіні Ботакөз батыр 1719-1747 жж. өмір сүрген. Үстірт жотсындағы «Сам» құмын бірге қыстап шыққан Жетірудың Тама руына қараған қырық шақты ауылының ішінде Есет батырдың ауылы болған. Есет батыр Әбілқайыр ханның шақыруымен Орынборға жүріп кетеді. Батырдың елу атқа мінерімен елде жоқ екенін білген жау бейбіт жатқан елдің жылқысын түн жамылып келіп, шетінен қуып айдай бастайды. Осы сәтте жылқышы мен малшыдан құралған қайратты жігіттердің басын қосып үлгерген Ботакөз ерлерше киініп, қалмақтарға тұтқиылдан тиіседі. Ботакөз бастаған топ жауды екі жақтан қуып, айламен қоршап, қалмақтың Қонды деген батырын қолға түсіреді. Қондыны қазақтар жеке қоршап,кеудесіне найза тіреп тұрған уақытта күрең атты бір жігіт Қондының күжірейген мойнына қыл арқан бұғалық тастап жіберіп, шалқалай тартқанда қалмақ жерге ат үстінен гүрс етіп құлайды. Жаудың біреуі де тірі қалмайды. Қондыны бұғалықтаған «жігіт»-Ботакөз екен. Тарихи дерек бойынша, Ақкете Әжібай би жиені Есет батырдың қызына құда түсіп, Әжібай бидің баласы Барсай мен Ботакөздің некесі қиылып, отаулары тігіледі.

          1747 ж. қоян жылының көктемі мен жазында бір тамшы жауын жаумай, мал баққан қазақ шаруалары қатты күйзеліске ұшырапты. Жолшыбай кіші орта Құлшығайдан өтіп, әбден болдырған көш түйелерін шөгеріп, жүктерін түсіріп, дамылдаса керек. Ботакөзге «Атаң шақырады» деген хабар жібереді.

          Есіктен кіре иіліп сәлем етіп, тізе бүккен келінге төрде шынтақтай жантайып жатқан атасы: «Жер ыңғайын дұрыс болжағандайсың қызым, рахмет, тек мына құдықшылар ауыз суды шығара алмай жатқан көрінеді, күрек салар жерді өзің көрсетерсің», – дейді.

          Ботакөз қасына Садықты, бірнеше қыз-келіншектерді ертіп, су іздейді. Жан-жағын барлап, сайдың тақырлау жеріне шығып тұрған бір түп қамысты көреді. Қамыс, ши шыққан жерде жер асты суы жақын болатынын жадында сақтаған қыз қамысты тартып қалғанда су білінеді.

Кетпенмен екі-үш ойғанда-ақ мөп-мөлдір бұлақтын көзін ашады. Келе жатқан көш сол бұлақтан су ішеді, осы бұлақ «Ботакөз бұлағы» деп тарихта қалды.

Ботакөз дәл осы жерде кенеттен ауырып құлайды. «Көз тиді» деп жасалған ем-домнан шипа болмай, Ботагөз көз жұмады.

Ескерткіштің сипаттамасы: «Ботакөз кесенесі» 2005 жылы тұрғызылды. Қоңырсай бойындағы Бүкіртұмсық биігінде орналасқан. Көлемі 5х5 метр, биіктігі 11 метр күмбезді кесене.