Дүйсенбі аһун мешіті

Ескерткіштің атауы: Дүйсенбі аһун мешіті

Ескерткіш түрі: киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: ХХ ғ.

Ескерткіштің орналасқан жері: Ырғыз ауданы, Жайсаңбай ауылынан 6,4 км солтүстік-батыста.

Тарихи мәлімет: Ақтөбе  облысы, Ырғыз ауданы, Жайсаңбай ауылынан 7 шақырым солтүстікте орналасқан.

Ескерткішті алғаш рет 1983 жылы ҚазССР тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау туралы архитектура-өнертану экспедициясы (жетекшісі С.Әжіғали) зерттеді. Сондай-ақ т.ғ.д., профессор С.Әжіғалидың «Ескерткіш-ел тарихы» атты кітабында және «Архитектура кочевников феномен истории и культуры евразии» атты моногорфиясында Дүйсенбі ақын мешіті туралы мәліметтер қамтылған.

Дүйсенбі ақын мешіті – Солтүстік Арал маңы аймағының көрнекті ғұрыптық ескерткіші. Мешіт төртбұрышты солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа созыла орналасқан.

Дүйсенбі аһун сауатты, арабша оқып, молда болған, орыс тілін және теріс оқуды да білген, әулие болған.Дүйсенбі Имашұлы 1885-1886 жылдары арнайы діни медреседе оқып, елге 1904 жылы оралады. Ауыл тұрғындары Дүйсенбіге 1908-1909 жылдары мешіт ашуға қолдау көрсетеді. 1913 жылы мешіт құрылысы толық аяқталады. Үлкендер Дүйсенбіні көріпкел адам болған деседі. Мысалы мешітке біреу ауырып келе жатса, оны алдын ала біліп, сезіп отырған. «Екі періні ұстап, оны мешіттің босағасына байлап тастаған» деген аңыз бар. Үлкендердің айтуына қарағанда, ол кісі түн ішінде ақ көйлек, ақ дамбалмен мешітті айналып, кезіп жүретін болған. Бір күні қызметшісіне: «Мен кішкене көз іліндіріп алайын. Сен ұйықтамай күзетіп отыр. Ұйықтап кетсең маған қауіп төнеді» – деп ескертеді. Түн ұйқысы тәтті келеді емес пе? Әлгі қызметші таң ата қалғып кеткенде, босағадағы екі пері аққу болып ұшып кетеді. Міне, осы оқиғадан кейін Дүйсенбі мазасыз күй кешіп, 1920 жылы дүние салыпты.

Ескерткіштің сипаттамасы: Тікбұрышты мешіт (9,60 х 24,20), СШ-ОБ осі бойынша созылған (еңіс. СО-40). Ғимарат қабырғалары күйдірілген кірпіштен қаланған, жабыны балкалы-бөренелі, кейінірек шиферлік шатырлардан қаланған, қазіргі уақытта толығымен қираған. Солтүстік-шығыс қасбетінің үстінде минарет мұнарасы (жалпы биіктігі 19 м.) шатырлы күмбезі бар, табақты темірмен қапталған. Қарама-қарсы қасбетте михраб апсиді бар. Қабырғалардың жазықтығы қуыстармен, терезелермен, қалақтармен бөлшектелген, екі есік ойығы бар: оңтүстік-шығыс және солтүстік-шығыс қабырғаларында. Ойықтар мен терезелердің жабындарының конструкциясы – төмен көтерілетін сәулелі және сыналы «аркаларға» тән, оларда солтүстік Еділ аудандары сәулетінің әсері ықпалы байқалады. Ғимараттың интерьері бастапқыда екі бөлмеге бөлінді: олардың біреуі ағаш саты орналасқан минарет жағынан, екіншісі-михрабта ағаш минбар тұрған үлкен қызметтік үй-жай. Оңтүстік және солтүстік-шығыстан салынған ескерткіш келушілердің тұрғын үйлер мен шаруашылық қирандыларымен қоршалған, олардың арасында кірпіш күйдірілген құрылыстар байқалады.