Ботакөз батыр кесенесі

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: 2005 жыл

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Кемер ауылынан 23 км солтүстік-батыста

Зерттелуі: 2001жылы  «Ойыл» атты кітапшада жарық көрді. Жергілікті өлкетанушы Жақсылық Бисалиевтің Ойыл аудандық қоғамдық-саяси газетіне 2004 жылы мақаласы шықты. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында « Ақтөбе облысының табиғи-тарихи-мәдени орындары» атты кітапшаға 2004 жылы енгізілді. 2007 жылы «Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі» атты кітапта мәліметтер келтірілді.

Қысқаша анықтамасы: Ботагөз кесенесі 2005 жылы тұрғызылды. Қоңырсай бойындағы Бүкіртұмсық биігінде, Кемер ауылының басында 23 км жерде . Көлемі 5х5 метр, биіктігі 11 метр күмбезді кесене.

Аңыз-әңгіме: Елімізді жаудан найзаның ұшымен қорғаған батырлардың ішінде Тама Есет Көкіұлының қызы, Әжібай бидің келіні Ботагөз батыр (1719-1747жж.) өмір сүрген. Үстірт жотасындағы «Сам» құмын бірге қыстап шыққан Жетірудың Тама руына қараған қырық шақты ауыл ішінде Есет батырдың ауылы бар. Есет батыр Әбілқайыр ханның шақыруымен Орынборға жүріп кетеді. Ондағы хан кеңесінде қазақ елін жоңғар шабуылынан қалай қорғау керек екендігі жөнінде мәселе қаралмақшы еді. Батырдың елу атқа мінерімен елде жоқ екенін білген жау бейбіт жатқан елдің жылқысын түн жамылып келіп, шетінен қуып айдай бастайды.Осы сәтте жылқышы мен малшыдан құралған қайратты жігіттердің басын қосып үлгерген Ботагөз ерлерше киініп, қалмақтарға тұтқиылдан тиіседі. Ботагөз бастаған топ жауды екі жақтан қуып, айламен қоршап, қалмақтың Қонды деген батырын қолға түсіреді.Қондыны қазақтар жеке қоршап, кеудесіне найза тіреп тұрған уақытта күрең атты бір жігіт Қондының күжірейген мойнына қыл арқан бұғалық тастап жіберіп, шалқалай тартқанда қалмақ жерге ат үстінен гүрс етіп құлайды. Сол кезде жігіттер шапқылап өлтіреді. Жаудың біреуі де тірі қалмайды. Қондыны бұғалықтаған «жігіт» – Ботагөз екен. Тарихи дерек бойынша Ақкете Әжібай би жиені Есет батырдың қызына құда түсіп, Әжібай бидің баласы Барсай мен Ботагөздің некесі қиылып,отаулары тігіледі.

Әжібай бидің алты ұлы бар екен. Сол алты ұлына көшті кезек басқартып,үміт етіп көрсе олар жер ыңғайын байқай алмай, көшті жайысыз жерге қондыра беріпті. Содан көңілі қалған би көшті Бөтагөзге басқартыпты.

Ботагөз кесенесі – қазақтың қарапайым қызының туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігінің, сұлулықтың, ар-ождан тазалығының ескерткіші, ұлттың сәулет өнерінің туындысы.