Абат-Байтақ қорымы – Республикалық маңызы бар ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізілген Қобда ауданындағы XIV-XV ғасырларға жататын бірегей ескерткіш, мұнда әртүрлі үлгілерімен, композициялық және әшекейлік-сәндік бірегейлігімен, саналуан оймыштарымен ерекшеленетін 240-тан астам құлпытас бар. 2022 жылы деректік жағынан маңызы зор арабжазулы эпитафия мәтіндері сақталған 48 құлпытасқа ғылыми реставрация жұмыстары жүргізілді.
2023 жылы Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары құлпытас мәтіндерін зерттеп, ғылыми айналымға тартты. Аталған ғылыми жұмысқа Қазақстан, АҚШ, Өзбекстан және Түркия мемлекеттерінің тарихшы, эпиграфист ғалымдары қатысып, нәтижесінде «Абат-Байтақ» қорымының арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштері» атты кітап-альбомы үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жарық көрді.
Кітап авторлары: Ислам ынтымақтастығы ұйымы (OIC) жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) ғылыми кеңесшісі, т.ғ.д, профессор Әшірбек Мүминов (Түркия, Ыстамбұл), Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, PhD докторант Бағдат Дүйсенов (Алматы). Кітаптың редакторлық жұмыстарын жүргізген АҚШ Конгресі кітапханасының бөлім меңгерушісі, PhD доктор, профессор Аллен Франк (АҚШ, Вашингтон) және Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент Ұрқия Өтепбергенова.
Шарада кітап-альбомның таныстырылымымен қатар еліміздің батыс аймағындағы ескерткіштерді қорғау мәселелері де талқыланады.