Хан моласы қорымы. Әбілқайыр хан жерленген орын

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: XVIII-XX ғғ.

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Толыбай ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 77 шақырым, Қабырға өзенінің Өлкейек өзеніне құяр сағасынан оңтүстік-батысқа қарай 4 шақырым 400 метр

Зерттелуі: Хан моласы қорымын 1771 жылы капитан Н.Рычков, 1832 жылы А.Левшин, 1835 жылы Д.Эристов, 1898 жылы И.Крафт, 1979 жылдан бастап С.Әжіғалиев басқарған экспедиция зерттеді. Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымын 1979-1987 жылдар аралығында Ә.Кекілбай, Ө.Жәнібеков, А. Сатаев, С.Әжіғали бастаған ынталы топтар бастап зерттеп аталған орын ғылыми айналымға енгізілді. 1998, 2001 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты этнография бөлімінің меңгерушісі С.Әжіғали бастаған ғалымдар тобы «Хан моласы» қорымының топографиялық картасын жасап, 950-ден аса бейіттер мен 40-тан аса құлпытастарды санап, өлшеп, эпиграфикасын зерттеді. Нәтижесінде, қорым XVII-XVIII ғ.ғ., Жоңғар шапқыншылығына дейін Кіші жүздің алтын-жаппас тайпаларының қорымы ретінде қалыптасып, 1748 жылы Әбілқайыр хан жерленгеннен кейін «Хан моласы» қорымы деген атау алғандығы айқындалды.

2010 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының этнография және антропология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. С.Әжіғалидың ғылыми жетекшілігімен Әйтеке би ауданы «Хан моласы» қорымын кешенді этноархеологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары онан әрі жалғасын тауып, «Хан моласы» қорымындағы № 5, № 92 нысандарға археологиялық ғылыми-зерттеу, қазба жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде, сүйектегі ген мен ұрпақтарының қандарындағы ген 99,355% сәйкес келді. Екі нысаннан алынған бас сүйектерді Будапешттегі Венгр Ұлттық Жаратылыстану музейінің антрополог-ғалымдары Эвингер Шандор, Андраш Биро, Бернерт Жолттар жан-жақты зерттеп, № 92 нысаннан алынған бас сүйектің антропологиялық бейнесін жасап, Әбілқайыр хан деп таныды.

Қысқаша анықтамасы: «Хан моласы» қорымында 1000-ға жуық бейіттер мен 40-тан аса құлпытастар бар. Әбілқайыр хан Қажысұлтанұлының (1693-1748 ж.ж.) тарихи тұлғасын анықтау жөніндегі ұзақ жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Хан моласы» қорымынан қазып алынған сүйектер байырғы орнына қайта жерленіп, қорымға 2011 жылы тас-белгі (обелиск) орнатылды. Сонымен қатар 2015 жылы қорымда ақ түсті граниттен жасалған биіктігі 25 м, ішкі бөлігіне қазақ халқының ру таңбалары қашалып салынған (жалпы саны 52) архитектуралық ескерткіш және кесене тұрғызылды.

Аңыз әңгіме: Деректерде Әбілқайыр ханның қыпшақ дәстүрімен,  қару-жарағы өзімен қоса  жерленгені айтылған. Яғни. Қабір басына ханның ұлы Нұралы 12 терек еккен. Содан бір түп ақ тал ғана қалып, кейіннен найзағай түсіп жанып кеткен. Сол ақ талға хан жерленген жер деп кие тұтышулар ақтық байлайтын болған