Кеңес Одағының батыры Ә. Молдағұловаға ескерткіш

Ескерткіштің атауы: Кеңес Одағының батыры Ә. Молдағұловаға ескерткіш

Ескерткіштің түрі: монументтік өнер құрылысы

Ескерткіштің мерзімі: 1972 ж.

Ескерткіштің орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Әлия ауылы, Гагарин көшесі, 1а

Тарихи мәлімет: 1925 жылы  Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылында дүниеге келген. Бала кезінде анасынан айырылып (1933 ж.), кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрған, ал 1935 жылдан бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46-шы балалар үйінде тәрбиеленген. Санкт-Петербургтегі 9-орта мектебінде оқыды.  Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, бірақ көп ұзамай (1942) ЖШҚӘ-ға (Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері) майданға жіберу туралы өтініш жібереді.

1943 ж. Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 ж. бастап 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған. 1944 ж. 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты.

Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 ж. 4 маусымда Кеңес Одағы Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды.

Ескерткіштің сипаттамасы: Әлия Молдағұлованың толық бойымен әскери шинель жамылған мүсіні гипстен жасалған. Мүсін гранит тұғырға орнатылған. Айналасы қоршалып абаттандырылған.