Мәулімберді қорымы

Ескерткіштің атауы: Мәулімберді қорымы

Ескерткіштің түрі: киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: ерте темір дәуірі – ХХ ғасырдың ортасына дейін

Ескерткіштің орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Кеңқияқ ауылынан 4,6 км оңтүстік-оңтүстік-шығыста орналасқан.

Тарихи мәлімет: Ауызша деректер бойынша бұл жерде шамамен XV-XVI ғасырда өмір сүрген Асан қайғының баласы Мәулімберді әулие жерленген. Сондықтан да ғасырлар бойы өлген адамдарды жерлеген бұл аумақ – қасиетті жер саналып, адам аяғы басып кірмеген. Бұл қорымда жерленгендерді ноғайлар деп атайды. Бұл XVII ғасырдың басына дейін, яғни қалмақ-торғауыттардың шабуылына дейін мұнда Темір өзенінен суғару жүйесін тартқан ноғайлардың өмір сүруімен байланысты болса керек. Сарыкөл ауылының ақсақалы 75 жасар Болысбайұлы Меңдіқұлдың айтуына қарағанда, бұл қорымда өткен ғасырдың 50 жылдардың соңында үйінді түріндегі ескерткіштер көп болған, көбін жермен тегістеп жіберген. Ауызша дерек бойынша жақын маңда Қызылқала деген ортағасырлық қала болған.

Аймақ шамамен ХV ғасырдағы Ноғайлы дәуірінде өмір сүрген Мәулімберді атымен аталады. Осы жерден солтүстік-батысқа қарай 6 км жерде Келімберді атымен аталған қорым бар. Халық фольклорына қарағанда осы өңірде, Темірдің Жемге құяр сағасында Асан Қайғының жайлау-қыстау мекені болған. Мәулімбердіні де, Келімбердіні де ноғайлының әулиелері деп атайды. Осыған қарағанда бұл адамдар ХV-  ХVІ ғасырларда ноғай-қазақ дәуірінде, жембойлық ноғайлар арасында белгілі беделді тұлғалар болуы керек.

Ескерткіштің сипаттамасы: қорым Темір өзенінің оң жағалауында орналасқан онда үйінді түріндегі ортағасырлық мазарлар мен XVIII-ХХ ғасырдың ортасына дейінгі қазақтың зираттары және ерте темір дәуірінің археологиялық қорғандары бар.