Мәні-әулие қорымы

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: XVII- XX ғасырдың басы

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Шеңбертал ауылынан 6 шақырым батыста

Зерттелуі: Ескерткішті алғаш рет 1980 жылы ҚазССР Мәдениет министрлігінің «Казреставрация» бірлестігінің экспедициясы (жетекшісі С.Әжіғали) зерттеді.

Қысқаша анықтамасы: Бұл қорымның пайда болу тарихы белгісіз. Тастан қаланған тамдардың қабырғасының қалыңдығы бір метрге жетеді. Тас қорғандар үлкенді-кішілі, кейбіреулері ішектей ширатылып бес-алтауы бір қоршалған. Құлпытастардың кең тараған түрі де кездеседі. Олардың ХІХ ғасырда қойылғаны байқалса, қабірдің бас жағындағы үлкен қара тасқа тек қана ру белгілері салынғандары да аз емес. Табиғи үлкен қара тасқа салынған белгілерден үш жүздің ру таңбаларын кездестіруге болады. Тарихи деректерге сүйенсек, қорымның пайда болу уақыты XVII ғасырдан басталған, ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін құлпытас қою рәсімі тоқтамаған.

Аңыз әңгіме: Бұл төбені ел Мәні әулие деп атап кеткен. Аңыз бойынша ертеде қазақ елін қалмақтар шауып, мал-мүлікпен бірге сол елдің басшысының сұлу әйелін олжалап, бір батырына қосыпты. Сол әйелден дүниеге қыз бала келіп, жасы 15-ке келгенде анасы дүние салады. Елін, жұртын бір көруді арман еткен анасы көз жұмарда өз әкесінің қазақ екенін айтып, қызына қалайда өз еліне қосылуын өтінеді. Жолын өзі айтып береді. «Бізбен бірге жеті жасар бір ер баланы ала келіп, қол аяғын кісендеп қозы бақтырып қойған, сол бала ер жетті, түр-тұлғасы батырға ұқсайды, балға жағдайды түсіндіріп, қалғанын өзің келістіріп елге қашыңдар, ең соңғы да, ең қымбат та өтінішім осы» деп көз жұмады.

Қыз ана аманатын орындауға бел байлап, жігітке сөз салады. «Менің одан асқан арманым жоқ, бірақ қолым қысқа» деп жігіт мұңаяды. Сонымен қыз бір күндері қару-жарақ, сәйгүлік ат тауып, екеуі «ел қайдасың» деп қашады. Қыз бен жігіт мінген сәйгүліктерге ешкім жете алмай, әкесінің ғана жететінін сезген қыз жігітке: «Әкемді өзім тоқтатам, сен артыңа қарамай кете бер» дейді. Жігіт шыдай алмай артына қараса, қыз әкесіне садағын кезеп тұр екен. Бір қате іс болар деп жігіт қыздың жанына келіп «Әкеңді атпа» деп қолқа салады. Айтқанын тыңдамай кейін қайтып келген жігітке қатты налыған қыз: «Бекер келдің, атпай-ақ өзім тоқтатар едім, енді не болғанын көрерсің» -дейді. Жақындап келген әкесі «Көзің көргенді қолың ұстамасын» деп теріс бата беріп қайтып кетеді. Қуғыншыдан құтылған екеуі біраз демалу үшін осы төбенің етегіне тоқтап, жағасы тал мен ну қамысықа толы жойқын суға салқындау үшін екі жерге кетеді. Бір уақытта шыңғырған қыз дауысы естіледі. Жігіт жетіп келсе мойынына жылан оралған қыз талықсып жатыр екен. Сонда қыз: «Қалмақтың қарғысы жаман дегені рас еді, әкемнің қарғысы орындалды, енді мен саған жоқпын, осы жерге мені жерле, ешқашан менің атымды атаушы болма, осы өтінішімді орында» деп көз жұмады. Жігіт қыздың өтінішін орындап сол жерге жерлейді. Сұраған кісіге «мәні бар ғой» деп жауап берген екен, содан бұл төбе Мәні-төбе атанған дейді. Әлгі жігіт кейіннен әйгілі Жәнібек батыр болыпты деген аңыз бар.