Назар тамы

Ескерткіштің түрі: Қала құрылысы және сәулет

Ескерткіштің мерзімі: ХІХ ғ аяғы – ХХ ғ басы

Орналасқан жері: Ырғыз ауданы, Киров атындағы ауылдан 6 км солтүстік-батыста, Ұлы-Талдық өзенінің сол жағалауы

Тарихи мәлімет: Назар тамы кесенесін 1998 жылы Ақтөбе облысы аумағындағы этно-мәдени мұраларды кешенді ғылыми-зерттеу жөніндегі экспедиция (жетекшісі С.Әжіғали) зерттеді. Кесене туралы бірқатар деректерді 2002 жылы Ақтөбе аумағында жүргізілген фольклорлық-этнографиялық экспедиция (жетекшісі А.Алматов) зерттеді. Кесенені 1920 жылы Жыға деген шебер жергілікті шикі кірпіштен бес күмбезді етіп тұрғызған.

Назар Көбекұлы (1853-1919) бұрынғы Ырғыз уезі, Кенжеғара болысы, Жабасақ елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Көбек ауқатты кісі болған. Назар Көбекұлы Торғай қаласындағы 2-жылдық орысша-қазақша мектепте оқып, бітірген соң Кенжеғара болысының хатшылығы қызметін атқарған. 1895 жылы Ырғыз бекінісіне 10 орындық әскери лазаретке дәрігер болып тағайындалған Мұхамеджан Қарабаевтан жұқпалы ауруларға қарсы егу әдісін өз бетінше үйренген Н.Көбекұлын өз аулының адамдары «Шанышпай ата» деп атаған. Өз бетінше орыс тілін жақсы меңгерген ол 1912 жылдан бастап Ресейде шығып тұрған «Искра» газетін алып, оқып тұрған. Ырғыз уезі Кенжеғара болысының картасын жасауға қатысқан. Ел арасындағы күрделі дауларға араласып, билік айтқан.

1918 жылдан бастап Әліби Жангелдинмен танысып, Кеңес үкіметінің бағытын қолдаған. 1919 жылы кенеттен ауырып, дүниеден озып, Шиқұдықтағы қыстауының қасына жерленген.

Ескерткіштің сипаттамасы: Тік төрт бұрышты (9х9 м) қабырғаның төрт бұрышында шағын төрт күмбез, ортасында орталық үлкен күмбез орналасқан. Орталық күмбездің ұшар басына арбаның ағаш дөңгелегі қойылған. Кесененің оңтүстік – шығысында кіреберіс-тамбур орналасқан.