Қарағұл мен Әзберген батырларға орнатылған тас-белгі
Ескерткіштің түрі: Монументтік өнер құрылысы
Ескерткіштің мерзімі: 2024 жыл
Орналасқан жері: Ақтөбе қаласы,
Тарихи мәлімет: Қарағұл Қонақбайұлының есімі XIX ғасырдағы қазақ халқының патшалы Ресей отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Есет Көтібарұлының есімімен бірге аталады. Ел ішіндегі: «Есет бастап,Қарағұл қостап»деген тіркес соған куә. Қос батырдың дүниеден өткен соң жерленген жерлері де бірінен бірі қашық емес. Есет Шолақжидеде жатса, Қарағұл Үлкен Көкбұлақта жатыр. Қарағұл Қонақбайұлы батырлығымен қатар би,молдалық,мырзалық қасиеті дарыған жан болған.
Есет батырдың екінші бір қандыкөйлек серігі – Әзберген батыр. Әзберген Мұңайтпасұлы (1813-1880) – батыр және би. Шекті тайпасының ішіндегі қазақ руының басшысы болған. Ресей отаршыларына қарсы шыққан Есет Көтібарұлы бастаған көтеріліске Мұңайтпасұлы руымен келіп қосылды. Әзберген бидің атақ-даңқы тек қазақ жеріне ғана емес, Орта Азияға кеңінен таныс. Оның есімі Орынбор генерал-губернаторлары Перовский,Катенин,Түркістан генерал-губернаторы Кауфман арқылы Ресейге,Ресей патшасы Александр II-ге мағлұм болған.Александр II-нің рұқсатымен 1860 жылы төртінші депутация құрамында Санкт-Петербург пен Мәскеудің топырағын басқан.
Ескерткіштің сипаттамасы: Ескерткіш композициясы жоғарғы бөлігі сегізбұрышты болып бітетін граниттен жасалған екі тас-белгіден тұрады. Тас белгі бетіне батырлардың барельефті бейнесі салынған және батырлардың есімдері мен өмір сүрген уақыты жазылған. Белгінің төменгі бөлігі ұлттық ою-өрнекпен безендірілген. Белгінің ұзындығы 0,8 метр, ені 0,4 метр, биіктігі 2 метр.
Белгі тұғырында Әзберген Мұңайтпасұлының тұсында «Қазақ халқының 1847-1858 және 1869-1870 жылдар аралығындағы ұлт-азаттық көтерілістері басшыларының бірі. Ел аузында «қарадан шығып хан болған» атанған тарихи тұлға.», Қарағұл Қонақбайұлының тұсында «Қазақ халқының 1847-1858 жылдар аралығындағы ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі. Ел аузында батыр, би, молда, мырза атанған тарихи тұлға.» деп жазылған.
Тұғырының ұзындығы 3 метр, ені 1,1 метр, биіктігі 1,25 метр.
Тас-белгінің жалпы биіктігі 3,25 метр.