Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық Комитетінің мүшесі Б. Қаратаевтың бейіті

Қаратаев Бақытжан Бейсəліұлы 1860 жылы Жайық өңірінің Қаратөбе ауданындағы Ақбақай ауылында дүниеге келген. Ол Орынбор гимназиясын бітірген соң, Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, 1890 жылы оны ІІ дəрежелі алтын медальмен үздік бітіреді. Кейін алған мамандығы бойынша Петербургте, Кутаисиде жəне Орынборда бірнеше жыл тергеуші болып істейді. 1897 жылы туған жеріне қайта оралып, Оралда, Қаратөбеде, Жымпитыда адвокат болды. 1907 жылы ІІ Мемлекеттік Думаға Орал облысынан депутат болып қатысып, жер-су мəселесі бойынша қазақ халқының мүддесін қорғап: Жергілікті халықтың мүдделерімен есептеспей келген қоныстандыру қалай дегенмен де əділетсіздік болып табылуға тиіс. Ол қашанда күштінің əлсізді қанауы деп қабылданбақ – деп өз сөзің айтқан болатын. Үлкен қарсылықтарға қарамастан, 1907 жылы 3 маусымда Дума мерзімінен бұрын таратылады. Бұдан кейін Думаға сайлау жөнінде заң өзгеріп, ендігі жерде «Бұратана халық» деп аталған қазақ халқын депутат сайлау құқығынан айырды. Бұдан кейін Бақытжан Қаратаев ел ішінде ағартушылық қызметтерімен айналысып,  «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналын шығаруға көмектеседі. Қазан төңкерісін қуанышпен қарсы алған ол: 1918 жылдың наурызына дейін мен өз жолдастарыммен бірге қырда соғыс күшін ұйымдастыруға кірістім. Бұл жұмысқа қоныс аударып келген украиндықтарды да тарттық – деген болатын өз естелігінде. Ақ казак офицерлері 15 сəуірде əскери күш жинау əрекетін жүргізіп жатыр деп, Б.Қаратаевты тұтқынға алады. Орал түрмесінде Б.Қаратаев басқа да көптеген большевиктермен бірге285 күндей болды. Абақтыда жатқан кезінде де мойымай, күрес жүргізе берді. 1919 жылы 24 қаңтарда Орал қаласы Чапаев дивизиясының күшімен ақ казактардан босатылды. Өзін 1917 жылдың мамыр айынан бастап большевиктер тобындамын деп санаған Б.Қаратаев 1919 жылы 6 ақпанда РК(б)П қатарына қабылданды. 1919 жылы 24 қазанда Б.Қаратаев Орал облыстық партия комитетіне Алашорданың батыс бөлімшесінде өзінің саяси, бейбіт келіссөз жүргізуге əзір екендігін хабарлады. Көп уақыт өтпей-ақ Ақтөбеде «кеңестік жəне кеңестік емес қырғыздардың» қатысуымен қазақ халқын бір лестіру жөніндегі І жалпыөлкелік кеңестік конференция өткізілді. Қазақ кеңестік мемлекеттілігін құрудың алғашқы маңызды қадамы жасалды. 1922-1925 жылдарда Ақтөбе губерниялық сот коллегиясының мүшесі болып қызмет атқарды. Өмірінің соңғы жылдарында Батыс Қазақстандағы азамат соғысының тарихын жазумен шұғылданған. 1934 жылы тамыз айының аяқ кезінде Б.Қаратаев Ақтөбеде ұзақ науқастан кейін қайтыс болды.