«Сартай батыр, жаужүрек мың бала» ескерткіші
Ескерткіштің түрі: Монументтік өнер құрылысы
Ескерткіштің мерзімі: 2023 жыл
Орналасқан жері: Ақтөбе қаласы, Жібек жолы тұрғын алабы
Тарихи мәлімет: Сартай батыр, Сартай Байжанұлы (шамамен 1711-1785) — батыр, би. Алшын тайпасының Шекті руының Жақайым аймағының Бәйімбет аталығынан шыққан. Сартайдың есімі көптеген әдеби мұраларда кездеседі: А. И. Левшиннің «Описание киргиз-кайсацких орд и степей» А. И. Тевкелевтің «Күнделіктерінде» М. П. Вяткиннің «Сырым батыр».
Тевкелев өзінің күнделігінде 1732 жылғы 6 наурызда Сартай батырмен әңгімелескенін жазады. Генерал-губернатор О. А. Игельстромның 1785 жылы «Кіші жүзді басқару жөніндегі реформасы» бойынша Сартай батыр, Қаракөбек би мен Мұратбек би үшеуі Әлімұлын басқарған.
Сартай батырдың ерлігі мен елшілік қызметі туралы Нұрмағамбет Қосжанұлының «Мың бала» немесе Сартай батыр” деп аталатын дастанында айтылады. Осы дастаны үшін Қосжанұлы 1937 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, шығармаға тыйым салынды. Жырда мың баланың жасағын басқарған 15 жасар Сартайдың Әбілқайыр хан басқарған сарбаздар құрамында болғаны айтылады. Сартайдың Шұбартеңіз, Қалмаққырылған және Аңырақай шайқастарына қатысқандығы туралы тарихи дерек бар. Ел ішіндегі аңыз әңгімелерге қарағанда Сартай тек батыр ғана емес, би де болған. Оның Әбілқайыр ханның Кіші жүзді Ресейге қосу сәтіндегі талас-тартыста хан саясатын қолдамаған Тевкелев, Мейер жазбаларынан білеміз.
Ақтөбе қаласынан Хромтауға шығар тұстағы тасжолдың бойына орнатылған Ескерткіш-белгі облыс әкімдігінің қолдауымен, «Сартай батыр — мың бала» қоғамдық қорының қаржыландыруымен бой көтерді.
Ескерткіштің сипаттамасы:
Тұғыры граниттен, ескерткіштің өзі мыстан горельеф үлгісінде жасалды. Ескерткіш-белгіні тұғырымен қоса есептегенде биіктігі 9,5 метр, ені 7,5 метр. Симметриялық тәсілде жасалған бұл ескерткіште қолына найза ұстаған бас қолбасшымен қатар, екі жақ бетінде 4 атты сарбаздан бейнеленген. Оның бірі — ат үстіндегі қолына садақ ұстаған қыз баланың бейнесі. Автор ескерткіште әр сарбаздың қимылын әртүрлі етіп жасаған. Ондағы тудың ұзындығының өзі — 4,5 метр.
Ескерткіш-белгінің авторы — мүсінші Әділ Бәйменов.