Ш. Берсеев бейіті және «Даңқ мұнарасы»

Ескерткіштің атауы: Ш. Берсеев бейіті және «Даңқ мұнарасы»

Ескерткіш түрі: Қала құрылысы және архитектура

Ескерткіштің мерзімі: 1947 ж.

Ескерткіштің орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Қарасу ауыл қорымы

Тарихи мәлімет: Ақ тарыныңатасы атанған, тары егуден әлемдік рекорд жасаған  Шығанақ Берсеев 1881 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Ащы-Ойыл бойында дүниеге келген. Әкесі Берсе әртүрлі ұсақ шаруаларды кәсіп етіп, балаларын еңбекке баулып өсіреді. Шығанақ 9 жасынан өз бетімен шөп шауып, туған жерінен жұмыс таппай, Гурьевке балық кәсіпшілігіне аттанады. Екі жылдай жұмыс істеп, Ойыл өңіріне қайтып оралып, бірнеше жыл байларға жалшы болады. Көкжар жәрмеңкесінде трактирде жұмыс істейді. Тұрмыстың осындай тауқыметін көрген ол талабы  таудай болса да, оқи алмайды. Сондықтан ол бұл кәсіптен біржолата қол үзіп, егіншілікпен айналысуды мақсат тұтады.

1919 жылы Ш. Берсеев шығыр орнатып,  төрт отбасы  3,5 га жерден 2800 пұт астық алады. Аштық жылдары (1920-1922жж.) Қарақалпақстан мен Түркменстанда болады.

1938 жылы Ш. Берсеев тарышылар звеносының жетекшісі болып тағайындалады. Алғашқыда 32 га жердің әр гектарынан 25-70 центнер аралығында өнім алады. 1939жылы Москвадағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесіне қатысты. Ол тары тұқымын жақсартуға көңіл бөліп, бірнеше жыл дәндерді іріктеу нәтижесінде тарының жаңа сорты-Ойылдың атақты «Ақ тарысы» өмірге келді.

1941жылы әр гектардан 150 центнерден, 1942 жылы 40 гектар алқаптың 6 гектарынан 175 центнерден өнім алған Ш.Берсеев, шілде айында қоршаудағы Ленинград қаласын қорғаушы жауынгерлерге жоспарды артық орындағаны үшін өзіне еңбекақыға берілген 325 пұт астықты табыс етті. Осы жылы Ш.Берсеев «Ауыл шаруашылығының үздігі» белгісімен наградталып,  30 мың сомның мемлекеттік облигациясына жазылды. 1943 жылы Ш. Берсеев 40 гектардың 4 гектарынан 201 центнер өнім алып, биология ғылымын таңқалдырған өнімге қол жеткізді. Оның еңбек табысы, суармалы егісте қол жеткен әлемдік рекорды жер шарына мәлім болды. Осы жылы Мәскеуде Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне барғанда академик Т.Д.Лысенкомен және басқа да ғылым қайраткерлерімен танысып, пікір алысады.

1944 жылы 28 мамырда қайтыс болып, өзі туып өскен «Құрман» колхозының Қарасу ауылында (қазіргі Ш.Берсеев ауылы) жерленді. 1947 жылы сәулетші Т.Бәсеновтың жобасымен оған пирамида тәрізді кесене тұрғызылды.

Ескерткіштің сипаттамасы: Ш.Берсеев бейітінде орналасқан ескерткіш цемент ерітіндісмен сыланған және мрамор плиталармен қапталған, саман кірпішті қабір үсті тас болып келеді. Қабір үсті тастың жоғарғы жағында «Знатный просовод Шаганак Берсиев (1881-1944 жж.)» мәтіні жазылған мемориалдық тақтайша орнатылған. Қабір үсті тас батыс-шығыс өсімен бағытталған, өлшемі 1,2х2,5 м  төртбұрышты пішінді болып келеді. Ш. Берсеев бейіті қоршаумен қошалған.

Қабір үсті тас күйдірілген кірпішпен қоршалған және солтүстік-батысында обелиск орнатылған. Ескерткіш айнала темір қоршаумен қоршалған.

Бейіт маңында Ш. Берсиевтің құрметіне салынған кесене орналасқан. Бұл жоспар бойынша күйдірілген кірпіштен жасалған, өз қаптамасы бойынша үйтам түріндегі қазақ шитті кесенелерін еске түсіретін дөңгелек құрылыс. Қабырғалар шеңбері 1,30 м белгіге дейін жоғарылайды, содан кейін бірден жалған күмбез төселеді. Кесененің оңтүстік-батыс қабырғасында арка өтпесі бар сәл шығыңқы портал орнатылған. Порталдан жиектерінде айналмалы сатылар орналасқан. Интерьерде қуысы бар панель өтеді,ал күмбездің беті тары түріндегі рельефтермен безендірілген. Ескерткіштің барлық беті сыланған және ақталған. Кесене металдан жасалған қоршаумен қоршалған. Қабырғалардың сыртқы диаметрі – 5,2 м, ең үлкен биіктігі – 4,4 м.

Кесене 1947 жылы салынған.