Сынықшы Сүлеймен бейіті

Ескерткіштің атауы: Сынықшы Сүлеймен бейіті

Ескерткіш түрі: Қала құрылысы және архитектура

Ескерткіштің мерзімі: ХХ ғасыр

Ескерткіштің орналасқан жері: Ойыл ауданы, Қаратал ауылы.

Тарихи мәлімет: Сүлеймен  Қарабалаұлының  руы Таздың Асан Шарғы бөлімінен. Ата қонысы – Ойыл өңірінің Қаратал, Ақмешіт, Қырықоба, Құмсай елді мекендері. Арғы атасы Қалабай сынықшы әулиелігімен елге танымал жан болған. Замандастарының айтуынша, оның жас кезінде  денесіне төсіне  екі кішкене қалды мүйізше өсіп шығып, елді таң қалдырған. Сол кішкене мүйіздерге екі кішкене жылан оралып тұратыны бір ғажайып екен. Аты сол денесіндегі туа бітті,  беймәлім пайда болған қалға байланысты қойылса керек, кейіннен жүре бара «әулие, сынықшы» Қалабай атанған бабаның кереге басына іліп қойған қара домбырасы өзіне тікелей келе жатқан науқас жанды алдын-ала дыбыс шығарып сездіріп отырады екен.

Бабаның  алты ұлы болған. Ел жайлауға көшкенде  өзінің арнап үлкен ақ ордасын ортасына  тіктіріп, ұлдары айналасында отау үйлер боп жайғасып бір ауыл болып отырған. Асқан әулиелігі сондай бабаның ақ ордасының сыртына жанына шипа іздеп келген науқас жандар келіп түнегенде де  дертінен айығып жазылған. Тек сынық қана емес, басқа да  түрлі науқастарға шипалы ем жүргізіп  айықтырып отырған.

Қалабайдан тараған алты баланың бірі Қарабала да өзіндік емшілік қабілетке ие болса керек. Үйленіп,  үй болғаннан кейін біразға дейін ұрпақтан тарығыңқырап жүрген кезде Сұлтан, Сүлеймен, Ғаббас атты ұлдары өмірге келеді. Елге сынықшы әулиелігімен атағы  шыққан Сүлеймен атаға да сынықшылық, емшілік  қасиет аталған әке, аталарынан дарыған. Сүлеймен сынықшының дүниеге келген жері – Ойыл өзенінің төменгі ағысы,  қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданы аумағы. Әкесі Қарабала ерте қайтыс болып, Сүлеймен атасы Қалабайдың тәрбиесінде болады. Қалабай атасы 1917 жылы өмірден өткенде баласы Қарабала жатқан қорымға жерленген.

Сүлеймен  сол кездерден кейін, 20 жылдар соңында ел отырықшылыққа көшкен соң  ата- баба қонысы Ойыл өңірінде аталған елді мекендерге тұрақты  қоныстанып, артель, колхозда еңбек етіп, ұзақ жылдар тары өсірумен айналысқан. Алайда, оған бабадан келген сынықшылық  әулиелік қасиет қонып,   25 жасында елге танымал бола бастаған кезінде 1937 жылғы зобалаң зұлматқа  ұшырап, алдымен абақтыға жабылады. Сосын 10 жылға сотталып, «халық  жауы ретінде» Сібірге айдалады. Қариялардың дерегі, айтуы бойынша Сүлеймен Сібір түрмесінде жүріп, аттап құлап, бірнеше жері сынған түрме басшысын дерттен айықтырған . Сол үшін ол  қара жұмысқа ауыстырылады.  Айдауда жүрсе де  өзінің ақ адал еңбегімен неміс басқыншыларын жеңуге үлесін қосқан ол Сібір өзендерінен балық аулап, майдандағы жауынгерлерді азық-түлікпен, ағашпен т.б. қамтамасыз етуге белсене қатысады. Сібір өзендерінде, ормандарында жазықсыз жазасын түгел өтеп, 1947 жылы елге аман сау оралады. Ата мекені – Ойыл ауданының Когонович ұжымшарында түрлі ауылшаруашылық жұмыстарын атқарып, 1950-1967 жылдары арасында  бау – бақша өсірушілердің  звено жетекшісі болған ол көкөніс, бақша түрлерінен де  мол өнім алуға да маңдай терімен тікелей үлес қосып, үздік еңбегі үшін бірнеше рет мақтау мен бағалы сыйлықтарға ие болған.Аса еңбекқор абзал жан 10 жыл айдауда Сібірдің салқыны тиіп өкпесін қабындырып келсе де, ауруына мойымайды  уақытында емделмей асқындырып алған соң талай рет  аурухана төсегіне таңылады. Әйтсе де сынықшы әрдайым да берілген баба қасиетімен сынықшылық емшілігін жалғастырып,  балаларында жақсы істерге жетелеп үлгі болады. Атасы  Қалабайдың, әкесі Қарабаланың өз заманының белгілі тұлғалары  болғандығын дәлелдегендей өмірінің соңғы күніне дейін тұрғын халыққа емшілік, сынықшылық қасиетімен ұдайы қызмет жасайды. Сүлеймен сынықшы пайғамбар жасына келіп, 63 жасында өмірден озған және ата-мекені Қаратал ауылында жерленген. Бабалар бейітіндегі жайқалып өскен саялы бәйтерек, сынықшы әулиенің өзі жатқан кесенеден қақ жарып шыққан жиде талы аруақ сыйлап,  рухына сыйынып, дертіне дауа іздеп келген жандарға қазірде де  ой салып  шипа болуға септі сенім беруде. 

Ескерткіштің сипаттамасы: Сынықшы Сүлеймен ата бейіті   төртқұлақты  қарапайым тұрғыда қызыл кірпіштен салынған: Төртбұрышты    бейіттің  биіктігі: 3м, ұзындығы:4м, ені – 2,80 см. Табаны кәрер тасынан қаланып құйылған, сырты  цементтелген.  Алдына екі құлпытас орналасқан. Алғаш қойған құлпытаста  руы, аты –жөні, қайтқан жылы жазылған. Биіктігі-1,50 см, ені-10 см. Кейін 90 жылдығында мрамордан қойылған құлпытастың биіктігі – 1,20 см , ені – 5 см. Құлпытастың тұғыры цемент құю арқылы бекітілген.  Бейіттің  сол жағында биіктіктігі 1, 20 см болатын  темірден жасалған жәшік орналасқан. Алдында  адам отыратын екі орындық  қойылған. Бейіттің ортасында  жиде ағашы өсіп тұр. Биіктігі – 4,5 м жобасында.