Төлеубұлақ петроглифтері

Ескерткіштің атауы: Төлеубұлақ петроглифтері

Ескерткіштің түрі: киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: мезолит – неолит

Ескерткіштің орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Бұлақты ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 13 км, Төлеубұлақ қыстағынынан солтүстікке қарай 1,5 км

Тарихи мәлімет: Шамамен 250-300 жыл бұрын Солтүстік Арал маңынан Мұғалжар тауына қоныс аударып, мекен еткен Кіші жүздің Шекті тайпасы Жақайым руынан шыққан Төлеу деген кісінің атымен Төлеубұлақ атанған.

Төлеубұлақ үңгіріндегі петроглифтер Қазақстан-Ресей бірлескен халықаралық экспедициясының 2000 жылы Мұғалажар ауданы аумағындағы тас дәуірінің қоныстарын зерттеу кезінде анықталып, ғылыми айналымға енгізілді. Аталған халықаралық экспедицияның жетекшісі Ресей ғылым академиясының академигі, т.ғ.д., археолог А.П.Деревянко профессорлар В.Т.Петрин мен Ж.К.Таймағамбетов және т.б. археолог ғалымдар болды. Сонымен қатар мұнда 2006 жылы Ә.Марғұлан атындағы археология институтының маманы, археолог, т.ғ.к., З.Самашев одан әрі зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Ескерткіштің сипаттамасы: Төлеубұлақ үңгірінде – бұдан 10 мың жыл шамасы бұрын үңгірде тас дәуірінің адамдары мекендеген. Үңгірдің еденіне тереңдігі 5 см., диаметрі 15-25 см көлемінде суреттер ойылып салынған. Бұл жердегі шағын үңгірлердегі петроглифтерден тұяққа немесе саңырауқұлаққа ұқсас пішіндер, антропоморфтар, сонымен қатар терең ойып жасалған сызықтар кездеседі. Жоғарыда аталған символдардың ең алғашқылары мезолит, тіпті палеолит кезеңінде, неолит кезеңінен әрі уақытта пайда болған деген пікірде отыр ғалымдар. Бұл кешен Қазақстандағы тас дәуірінен қалған ең көне археологиялық ескерткіш болып табылады. Алайда бірқатар зерттеушілердің пікірінше, бұл шұңқыр тәріздес символдар жер бетінде жүздеген мың жыл бұрын пайда болған ең көне символдар болуы мүмкін деген болжам бар.